- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- БҰҰ: Әлемде әрбір...
БҰҰ: Әлемде әрбір екі минут сайын бір болашақ ана қайтыс болады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2016 жылдан 2020 жылға дейін бірнеше елде ана өлімінің артқанын хабарлады. ДДҰ бас директорының айтуынша, миллиондаған әйел әлі де сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайды.
Әлемде әрбір екі минут сайын жүктілік немесе босану кезінде бір әйел қайтыс болады. Мұндай ақпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның агенттіктері дайындаған және бейсенбі, 23 ақпанда жарияланған Ана өлімі туралы баяндамада келтірілген.
"2020 жылы дәл осындай 287 мың өлім тіркелген. 2000-2015 жылдар аралығында мамандар ана өлімін азайтуда айтарлықтай жетістіктерге жеткен. 2016-2020 жылдар аралығында ана өлімі Еуропа мен Солтүстік Америкада 17 пайызға, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде 15 пайызға артқан", - делінген баяндамада.
Сарапшылардың пайымдауынша, ана өлімінің ең жоғары абсолютті көрсеткіштері әлі де әлемнің ең кедей аймақтары мен қарулы қақтығыстардан зардап шеккен елдерде тіркелген. Мысалы, 2020 жылы барлық ана өлімінің 70 пайызға жуығы Сахараның оңтүстігіндегі Африкада орын алған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус жүктілік сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайтын миллиондаған әйел үшін "өте қиын және қауіпті тәжірибе" болып қала беретінін айтты.
"Жаңа деректер әрбір әйел мен қыздың босанғанға дейін, босану кезінде және босанғаннан кейін қажетті медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін жағдайды жасаудың аса қажеттігін көрсетеді", - деді ол.
Т. Раушанұлы