- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бутаков шатқалындағы туристерді...
Бутаков шатқалындағы туристерді таңғалдырған зәулім сарайдың иесі кім?
Алматыда туристерді Бутаков шатқалында орналасқан сарай тәріздес коттедж таңғалдырды. Жылжымайтын мүліктің кімге тиесілі екенін және оның табиғатты қорғау аймағында заңды түрде салынғанын тексеру үшін Tengrinews.kz тілшісі зерттеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл үш қабатты үй (жертөлесін қоса есептегенде) сырттқай қарағанда зәулім сарайға ұқсайды. Ол Мұзтау шағын ауданының жанындағы Әсет Бейсеуов көшесінде, бірақ Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің ішінде орналасқан. Мұнда тек ұлттық парктің бақылау-тексеру аумағы арқылы кіруге болады. Туристерге кіру құны – 545 теңге, ал жергілікті тұрғындар рұқсат қағазы арқылы кіре алады.
Бутаков сарқырамасына бара жатқан қалалық туристердің бірі бұл сарайға халықтың назарын аударды. Ол үйдің айналасына жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын байқады. Құрылысшылар қоршауға іргелес аумақты абаттандырып, айналасындағы кіре беріске асфальт немесе тегіс жол төсеп жатыр.
"Коттедж кімге тиесілі?" деген сұраққа күзет қызметкерлері пікір беруден бас тартты және үйдің аумағына жақын келмеуді өтінді.
Байқағандарыңыздай, сарайға Бейсеуов көшесіндегі өзен жақтан көпір арқылы кіруге болады. Бұл аумақтың кімге тиесілі екені белгісіз. Бірақ туристерді бұдан да маңыздысы қызықтырды. Оларды "Үйдің иесі мұндай зәулім ғимаратты қалай тұрғызды?", "Ұлттық парктің аумағынан жеке үй тұрғызуға кім рұқсат берді?" деген сұрақтар алаңдатты.
Осы сұрақтармен біз Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хабарластық. Алайда ұлттық паркке орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жауап береді екен. Олардың хабарлауынша, бұл аумақ Іле Алатауы ұлттық паркі құрылғанға дейін де жеке адамның меншігінде болған.
"Аумақ 1996 жылға дейін сатып алынған. 1996 жылы Ұлттық парк құрылды және құру кезінде бұл аумақтың иесі "бөгде жер пайдаланушы" деп белгіленді", - деді комитеттегілер.
Құрылысқа қалай рұқсат алғанын анықтау мақсатында, біз Іле Алатау ұлттық паркінің баспасөз қызметіне хабарластық. Олардың айтуынша, бұл аумақ олардың құзіретіне кірмейді.
"Бұл ұлттық парктің аумағына жатпайды. Жеке адамның меншігіндегі аймақ болғандықтан, бұл біздің құзіретімізде емес. Меніңше, қалалық құрылыс рұқсат берген болуы мүмкін", - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Одан әрі бұл жағдайды анықтау үшін Tengrinews.kz редакциясы Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдады. Жаңалықты жариялау кезінде сауалға жауап берілмеді.
Дегенмен, біз барлық жауапты меншік иесінен алдық. Анықталғандай, 96 сотық жердің иесі қазақстандық Forbes-тегі кәсіпкерлердің бірі. Телефонмен сұхбатта ол коттеджге қатысты барлық мәліметті айтты.
"Мен мұны шамамен жеті жыл бұрын сатып алдым. Учаскеде бұрын осыған ұқсас үй болды. Пандемия басталғанға дейін шамамен бес жылға жуық уақыт бұрын қайтадан жөндеуді бастадым. Үйдің аумағы 2000 кв метрден асады.Ұлттық парк аумағына жаңа үй тұрғызуға болмайды. Бірақ бұрынғы үйді реконструкция жасауға болады. Бұрын өте қорқынышты, түрі нашар үй болған еді. Қазір әдемі, көркіне көз қызығарлықтай үй тұрғыздым. Барлық рұқсат құжаттары бар. Тексерсеңіздер болады", - деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол өмір бойы кәсіппен айналысып жатқанын айтты.
"Бұл аумақтан төмен ескі лашықтар орналасқан болатын. Бұрын оларды академик, профессорларға, т.б. берді. Уақыт өте үйлер жеке меншікке көшті. Қазір адамдар оларды сатып алып, реконструкция жасайды. Ал бұл аумақтан жаңа жер сатып алуға болмайды және оған үй тұрғызуға рұқсат бермейді. Бұл - факт. Мен мемлекеттік қызметте ешқашан жасап көрмегенмін. Өмір бойы кәсіпкерлікпен айналысып келе жатырмын", - деді кәсіпкер.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Асы үстіртіне барған ресейлік туристің видеосы тараған болатын. Онда турист қоқыс шашылып жатқан жерлерге, турды ұйымдастырушыларға шағымданды.
А. Жайыққызы