Бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев лауазымдық өкілеттерін асыра пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Вице-министр өзінің қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, тікелей келіссөздер жүргізіп, министрліктің атынан Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға жетекшілік ететін акционерлік қоғаммен келісімшарт жасасқаны белгілі болды.
"Бұған қоса келісім-шарт бойынша оның еншілес ұйымы "С" ЖШС-ға барлау жұмыстарын жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі заңсыз беру көзделген. Бұл серіктестікте сенімді өкілі арқылы оның 20 пайыз үлесі болған. Ал аталған кен орнында никель-кобальт рудаларының өнеркәсіптік қорлары бұрын анықталған және "Г" ЖШС-мен өндіру бойынша бұзылған келісім-шарт болған", - делінген хабарламада.
Кен орны өнеркәсіптік игеруге әзірленген әрі өнеркәсіптік санаттағы бекітілген теңгерім қоры бар объект ретінде өндіруге арналған келісім-шарт немесе лицензия жасау үшін аукционға қойылған, бұл аукционнан кейін бюджетке айтарлықтай кіріс алуға мүмкіндік беруі керек болған – 40,6 миллиард теңгеден астам.
Кейін вице-министр "С" ЖШС жарғылық капиталындағы осы 20 пайыздық үлесті үшінші тұлғаларға сатып жіберген, оның 10 пайызын 425 миллион теңгеге бағалаған.
Осы қылмыстық әрекеттердің салдарынан заңмен реттелетін мемлекеттік органдардың қалыпты қызметі бұзылды.
Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!