Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты соталды тергеп-тексеру бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне сай әрекет етіп, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз берген. Бұрын жүргізілген барлау дерегі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.
Нәтижесінде лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұзып, өндіруге дайын кен орындарын алған. Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған.
Биыл 7 қарашада лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ұсталған.
"Тергеу сот санкциясымен Тимур Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды", - делінген ведомство хабарламасында.
Тергеу жалғасып жатқаны белгілі болды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейтіні хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!