Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі: тың дерек айтылды

Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі: тың дерек айтылды
Фото: Қуандық Бишімбаев. © Тұрар Қазанғапов

Экс-министр Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордалық соттың баспасөз қызметі күдіктінің екі ай мерзімге қамауға алынғанын хабарлады.

"2023 жылғы 11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Бишімбаев Қ-ға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады", - делінген Астана сотының хабарламасында.

Басқа деректер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.

Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.

Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.

Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан