Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны алаяқтардың арбауына түсіп, 2 миллион теңгесінен айырылып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаяқ Петропавл қаласының 59 жастағы тұрғынына бұрынғы жұмыс орнынан хабарласқандай болып, өзін кадр бөлімінің заңгері ретінде таныстырған. Ол әйелдің жеке құжаттарын алып кеткенін айтып, мән-жайды анықтау үшін басқа "заңгердің" байланыс нөмірін жолдаған.
Кейін өзін құқық қорғау органының қызметкері және банк менеджері ретінде таныстырған адамдар хабарласып, әңгіме барысында оның банк аккаунтын бұзуға әрекет жасалып жатқанын айтып, қаражатты сақтау мақсатында ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару қажет екенін жеткізген.
Әйел алаяқтардың нұсқауын орындап, 2 миллион теңгеден аса жинағын аударып жіберген.
Қазір интернет алаяқтық дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталған. Айта кетейік, қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтықтың 33 дерегі тіркелген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!