Бұрын Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған учаскенің ендігі тағдыры не болмақ?

Бұрын Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған учаскенің ендігі тағдыры не болмақ?
Фото: Tengrinews.kz

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек "Керуен" сауда орталығының алдындағы қазір сквер орналасқан жер учаскесінің болашағы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында бұл жер учаскесі Тимур Құлыбаевқа тиесілі болғанын, алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті мен республикалық Jer Amanaty жер комиссиясы оны мемлекеттік меншікке қайтарғанын мәлімдеген еді.

"Бұл учаске астаналықтарға "Северное сияние" тұрғын үй кешені мен "Керуен" сауда орталығының арасындағы үлкен бос жер ретінде белгілі, ол ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай келді", - деп жазды Базарбек.

Бүгін Есіл ауданы тұрғындарымен кездесуінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек "Керуен" сауда орталығының алдындағы жер учаскесі, яғни қазіргі сквер мемлекеттік қорға өтетінін мәлімдеді.

"Жер толықтай қалаға қайтарылады. Құрылысшы салған қаражат қала активінде қалады, яғни жекеменшікте болмайды. Бұл парк қазірдің өзінде қала тұрғындарына қолжетімді және ол қалаға өте қажет. Әкімдік аумақты абаттандыру бойынша байқау өткізіп қойды", - деді Қасымбек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget