- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бұрын істі болған....
Бұрын істі болған. Танымал актерге қандай айып тағылып отыр?
Танымал актер Асқар Жұмабеков Президентке үндеу жасады. Оның сөзінше, былтыр желтоқсанда төбелесіп жатқан біреулерді ажыратпақ болған, алайда кейін істі болған. Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты актерге қатысты үкім шығарды. Өнер иесі не үшін істі болды? Оған қандай айып тағылды? Ол қанша жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
11 қазанда Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты келушілерді ұрып-соққан караоке бар қызметкерлері К., Т., С., Р., Н., және К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Олардың ішінде актер Асқар Жұмабеков те бар.
Оқиға қашан және қалай болды?
Сот мәліметінше, былтыр 28 желтоқсанда қаладағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері арасында жанжал болған. Кейін жанжал төбелеске ұласқан.
Мекеменің күзетшілері мен диджейлері, сондай-ақ, барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұрып-соға бастаған. Жәбірленушілер оқиға орнынан қашып кетпек болған. Алайда сотталушылар оларды көшеде қуып жеткен. Төбелес кезінде сотталушылардың бірі пышақ қолданбақ болған.
Зардап шеккендерге қандай зиян келтірілген?
Соққы салдарынан зардап шеккен бес адамның екеуі денсаулығына ауыр және орташа дәрежедегі зиян келтірілген. Олардың мұрны сынған, миы шайқалып, бас жарақатын алған. Айыпталушылар біреуіне орташа, ал қалған екеуіне жеңіл зиян келтірген.
Сотталушыларға қандай айып тағылды?
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі "бұзақылық", Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі және 107-бабы 2-бөлігі "денсаулыққа қасақана ауыр және орташа зиян келтiру" бойынша айып тағылды.
Сот үкімімен Ж., К., Т., С., Р., Н. және К. Қылмыстық кодекстің 293, 106 және 107-баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Р.-ға 6 жылға, К., Т., С., Н., К.-ға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал актер Асқар Жұмабековке 6 жыл 6 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өйткені ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бұрынғы сот үкімі бойынша өтелмеген мерзімі болғаны үшін оған 15 күн қосылды.
"Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады", - делінген хабарламада.
Айыпталушылар кінәсін мойындамады. Жәбірленушілер сотталушыларды кешірген жоқ.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін танымал актер Асқар Жұмабеков басына іс түскенін айтып, Президентке видеоүндеу жасаған еді.
"Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, құрметті Президент, сізден өтініп, көмек сұрағым келіп тұр. Мына видеоны түсіруге мәжбүр болып тұрмын. Себебі басымда бір іс болып жатыр. Құрметті сот, өзім халықтың алдында жүрген адаммын, өнер адамымын, актермін. Сол себепті осы видео сізге жетеді деген үміттемін", - деді ол.
Актердің сөзінше, оқиға осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы караокеде болған. Қазір де бұл іс жалғасып жатыр. Актер сонымен бірге 10 ай бойы үйқамақта отырғанын, ал істі сот тек бір жақты қарап жатқанын айтты.
"Бүгін, 10 қазанда сот болды. Ертең үкім шығады. Сол себепті мен мына видеоны өзімді қорғау мақсатында, сізден көмек сұрау мақсатында түсіріп қойып жатырмын, құрметті сот. Әділдікті қалаймын. Ол жерде менің ешқандай кінәм жоқ. Мен ажыраттым. Ешкіммен төбелескен жоқпын, құрметті Президент. Егер де ертең бізді бас бостандығымыздан айыратындай жағдай болып жатса, осы видео бүкіл Instagram желісінде тараса екен деймін. Ол жерде Ыдырысов, Әблязимов, Бахредин деген кісілердің ұлдары болып отыр. Сол себепті кімге барып көмек сұрасаң да, басын алып қашады. Себебі қорқады. Мына видеоны өзім түсіріп отырмын. Өйткені басқа мүмкіндік қалмады, құрметті Президент. Барынша көмек беруіңізді өтініп сұраймын сізден", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Асқар Жұмабеков - қазақстандық актер. Ол "Ақжауын", "Рауза" телехикаяларына түскен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек