- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бұрын-соңды жаумаған жауын-шашын:...
Бұрын-соңды жаумаған жауын-шашын: Алматыдағы сауда орталығының жерасты автомобиль туннелі су астында қалды
Кеше Алматыдағы Каменск үстіртінде жарты сағаттың ішінде жауын-шашынның қалыптан тыс мөлшері жауып, "Есентай молл" сауда орталығындағы жерасты автомобиль туннелі су астында қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жауын шашын көлемі орташа айлық нормадан едәуір асты. Сағат 18:30-дан бастап әл-Фараби даңғылындағы (Ж.Үшкемпіров көшесінің қиылысы) жаңбыр суы арық желісіне сыймай, даңғылдың жол бөлігіне қарай арнасынан шықты. Сағат 19:00-ден бастап нөсер жауынның суы әл-Фараби даңғылының жол бөлігіндегі көлік айрығының Шығыс және Батыс бұрылыстарына, сондай-ақ "Есентай" СОО қарсы жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне жайылды.
"Алматы полиция басқармасы қызметкерлерінің күшімен көлік құралдарының қозғалысы бұрылыс аймағында шектетілді. Бұрын-соңды болмаған нөсерлі жауыннан көлік айрығының сорғы станциясының автомат құрылғылары істен шықты. Айта кетейік, сорғы станциясы "Есентай" СОО-ның балансында және ол қолмен қосылған. Қазіргі уақытта сорғылар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Туннельдерден су сору жұмысы қалыпты жағдайда жүргізілуде. Жұмыстарға қаланың коммуналдық қызметтері мен Құтқару қызметінің арнайы су сорғыш техникасы мен мотопомпалары қосылған", - деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Жаңбыр жауа бастаған сәттен су тасқынының алдын алу және оны жою, судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін мотопомпалармен, багрлермен және басқа да шанц құралдарымен жабдықталған 42 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша ертең түстен кейін температура +29...+31 дейін көтеріледі және қысқа әлсін-әлсін жаңбыр жауы ықтимал.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан