Мемлекет басшысы БҚО-дағы су тасқынына байланысты жедел штаб отырысын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.
"Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл - табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша облыстардың әкімдері жұмысқа белсенді кірісті", - деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін айтып, мұндай көлемдегі тасқын бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.
"Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет - қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын", - деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы қолайсыздығына байланысты су тасқыны жағдайы ушығуына дайын болу қажет екенін мәлімдеді.
"Бұл табиғи құбылыс екенін бәріміз түсінеміз. Қар еруі және тоң қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөлшері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті. Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл - болжам, сараптама жасау сипатындағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжам деректерін мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдайдың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!