Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өскен. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асқан.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл - бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз.
"Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениет қалыптасып жатыр. Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы кейінгі бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асқанын да мәлімдеді. Осылайша, Қазақстан индустриясы дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп жатыр.
"Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық. Көлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады. Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Кейінгі жеті жыл ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті. Түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын да тигізіп жатыр", - деді Президент.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылған.
"Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Бұл маңызды жұмыс әрі қарай жалғасады", - деді Президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова