“Бүркіт“ арнайы жасағының тарихында алғаш рет жауынгер қыз қызметке кірісті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы жасағының қатарына алғаш рет әскери қызметші қыз қабылданды. "Китана" бүркеншік атымен танылған Қымбат халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, енді беделді арнайы жасақтың жауынгері атанды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Арнайы жасаққа бастаған жол

Қымбаттың "Бүркіт" жасағына келуі Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысымен байланысты. Ол бұл додада Қазақстан атынан өнер көрсеткен "Томирис" қыздар командасының құрамында бақ сынады.

Әйелдер арасындағы санатта қазақстандық команда қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамаларынан жоғары нәтиже көрсетті.

Жарыс барысында мергендігімен көзге түскен Китанаға "Бүркіт" арнайы жасағы ұсыныс жасады. Ол көп ойланбастан келісім беріп, бөлімше тарихындағы алғашқы қыз әскери қызметші атанды.

Спорттағы жетістік

Қымбаттың спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол бірнеше жауынгерлік спорт түрінен ел және халықаралық деңгейде топ жарған.

1
Қоян-қолтық ұрыс: алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі қола жүлдегері, әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.
2
Джиу-джитсу: үш дүркін әлем және Азия чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы.
3
ММА: Қазақстан және Азия чемпионы.
4
Жауынгерлік самбо: Қазақстан чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ПОЛИЦИЯ ОЙЫНДАРЫ
Қымбат дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль жеңіп алған.

Ол қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо мен ММА-дан спорт шебері.

Ендігі мақсаты – күрең берет

Қазір Қымбаттың алға қойған басты мақсаты – күрең берет сынағынан сүрінбей өту. Бұл сынақ жауынгердің дене дайындығын, төзімділігі мен рухының беріктігін талап етеді.

Мақсатына жетсе, Қымбат Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке қол жеткізген алғашқы қыз жауынгер атанбақ.