- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұралқы ит, лас...
"Бұралқы ит, лас ауа, жайылым". Халық әкімдермен кездесуде жиі көтерген мәселелер
Жыл сайын әкімдер тұрғындармен кездесіп, есеп беріп, халықтың да талап-тілегін, арыз-шағымын тыңдайды. Биыл әкіммен кездесуде халық наразылығын тудырған ең өзекті тақырыптар қатарында бұралқы иттердің көбеюі, ауаның ластануы, жол, жайылым секілді мәселелер жиі аталғанын байқауға болады. Massaget.kz тілшісі өңірлерде тұрғындар тарапынан ең жиі айтылған мәселелерге шолу жасады.
Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбек 10 ақпанда Байқоңыр ауданы тұрғындарымен кездескен. Онда мынадай мәселелер көтерілген: апат жағдайындағы үйлер, қоғамдық көлік, лас ауа, инфрақұрылым, абаттандыру, интернет, газ, емхана тапшылығы, медициналық мамандардың жетіспеушілігі.
Қазір қалада апат жағдайындағы 200-ден аса үй бар. Алдағы 3 жылда тозығы жеткен үйлердің тұрғындарына арнап, 2,5-3 мың пәтер салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қалада Астанада 400-ден аса автобус жетіспейді.
"Қаланың оңтүстік шығыс аймағында кешкі уақытта демалу мүмкін емес. Бұған көмір сапасы да әсер етеді. Шұбаркөл көмірлері қазір Астанада сатылып жатыр, нашар", - дейді тұрғындар ластанған ауа мәселесі туралы жергілікті тілшімізге.
Ақмола облысында өңір әкімі Ермек Маржықпаевтың халықпен кейінгі кездесуі былтыр қарашада өткізілген. Баспасөз қызметі мәліметінше, өңір халқын жайылым жер, тұрғын үй құрылысы, ауылды көркейту, бизнестің дамуына ықпал ету, өмір сүру сапасын жақсарту сияқты өткір мәселелер толғандырған. Соның ішінде жерге қатысты мәселелерді жер комиссиясы өкілдері дереу жиын барысында шешкен.
Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов жақында өңірдің ең шалғай ауылдарының бірі Шолақсор тұрғындарымен кездескен. Облыс әкімімен кездесуде олар бұрынан бері шешілмеген мәселелерін айтқан. Соның бірі - ауылды аудан орталығымен және облыстың басқа елді мекендерімен байланыстыратын жолды жөндеу. Сонымен қатар, ауылдықтарды таза ауызсу мәселесі де толғандырады. Павлодар облысында таза ауызсумен қамту көлемі 21 пайыз ғана екен. Жергілікті билік бұл деңгейді 70 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ауыл мектептері де әбден ескірген. Олар ұзақ жыл жөндеу көрмеген. Бұл да халықтың әкімге жеткізген тілегі.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдегі 5 аудан, 2 қала ішінен 3 аудан халқымен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Тұрғындар жұмыссыздық, коммуналдық төлем қымбаттауы, бұралқы иттердің қаупі, азық-түліктің қымбаттауы сияқты мәселерді көтерген.
Жамбыл облысында әкімдердің, жергілікті атқарушы орган басшыларының былтыр атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесулері өткен. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар аудан әкімінің есеп беру кездесулеріне қатысып, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдаған. Аудандар мен шалғай ауылдардың, тіпті облыс орталығының тұрғындарын алаңдатқан ортақ мәселе - көшедегі қаңғыбас, қараусыз иттердің қаптап кеткені.
Сондай-ақ, кездесулерде тұрғын үй салу және кәсіпкерлік нысандарының құрылысын жүргізу бойынша жер телімдерін беру мәселесіне қатысты сұрақтар көп көтерілген. Жамбыл өңірінің бірқатар ауданында ауыл шетіндегі жайылым проблемасы әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Атырау облысы тұрғындарын тұрғын үй проблемасы толғандырып отыр. Әкімдердің қабылдауына жазылғандар, шенеуніктердің есебіне қатысушылар кезек жылжымайтынын, баспанаға зар болып жүргендерін айтады. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айрылған отбасы санатындағылар банктер ұсынып отырған бағдарламалар қолжетімсіз екеніне шағымданып отыр.
"20-30 пайыз алғашқы жарна салып, баспана алуға мүмкіндігіміз жоқ. Табысымыз пәтер жалдау мен тамақтан арылмайды. Біз сияқты отбасыларға жатақханалар салынса", - дейді тұрғындар жергілікті тілшімізге.
Қала маңындағы ауылдық округ тұрғындарын жол мәселесі алаңдатады. Әсіресе, көктем, күз мезгілдерінде балшықтан көз ашпайтын атыраулықтар балаларды осындай кезде мектепке тасу қиын екенін айтады.
Өңірдегі тағы бір мәселе - бұралқы иттердің көбеюі.
"Заңды алып тастаңдар, иттерді ату керек. Адам тамақ таба алмай отырғанда, ит қайдан тамақ табады? Енді осылай кете берсе, адам жейді. Көшеде ит толып жүр, балаларымызды күнде уайымдап отырамыз", - дейді өңір тұрғыны Нұрлыбек Бакаров жергілікті тілшімізге.
Қарағанды облысы тұрғындары мынадай мәселелер көтерген: экология, түтін, бұралқы иттер, қоғамдық көлік.
Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың тұрғындарды қабылдауында 200-ден аса адам арыз-шағымын айтқан. Облыс әкімі оның жартысын өзі қабылдаса, қалғандарын орынбасарлары тыңдап, оларға тиісті тапсырмалар берген.
Жиында Қостанай жұртын алаңдатқан мәселелер мыналар: ауылдық жерлердегі жол мен ауызсу, білім беру мен денсаулық сақтау саласы, ауылдық жерлердегі тұрғындардың мардымсыз жалақсы, үй кезегі. Малмен күн көріп отырғандар үшін сүт бағасы өте төмен екенін айтқан. Сүтті жергілікті зауытқа өткізетін халық оның бағасын 110 теңгеден 140 теңгеге көтеруді сұрапты. Сондай-ақ, жайылым жері жоқтығы да жиі айтылыпты.
Көтерілген мәселелерге қарап, қандай тақырыптар маңызды болып отырғанын байқауға болады.
Еске салайық, бұған дейін алматылық тұрғын Досаевпен кездесуде шу шығарғаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова