- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бурабайлық дәрігерлер Президентке...
Бурабайлық дәрігерлер Президентке бейнеүндеу жолдады
Бурабай ауданындағы "Авиценна Бурабай" ЖШС-і медицина қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осыған дейін жалақыларының жырымшыланып, үстемеақысының жөндеп қосылмайтынын, сыйақы мен сауықтықтыру ақысынсыз қалғанын айтып жұмыстан кететіні туралы арыз берген ақ халаттылар бұл жолы жаңа ғимараттан өздерін тағы шығарып жатқанын айтып Президентке шағымдарын жеткізді.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге Щучинск қаласындағы "Авиценна Бурабай" ЖШС-нің медициналық қызметкерлері жүгініп отырмыз. Біздің жанайқайымызға назар аударуыңызды өтініп сұраймыз. Осыдан екі жыл бұрын жекеменшік инвестор өз қаражатына бізге осы емхана ғимаратын салып берген. Ғимарат жаңа заманауи жабдықтармен қамтылған. Соңғы жиырма жылда біз үнемі бір ғимараттан басқасына көшіп-қонып жүрміз. Осыған дейін он мәрте көштік. Оның бәрі емхана болуға жарамсыз, жұмыс істеуге аса қиын болған еді. Үнемі ылғал тартып тұратын қос қабатты ескі ғимаратта болдық. Бізге соңғы жылдары жақсы жағдай жасалып, келушілер де біз де қуанып қалып едік. Бірақ қазіргі күні ғимарат тәркіленіп алынды. Біз жұпыны ескі ғимаратқа қайта көшуге мәжбүр болдық. Онда пациенттерді қабылдауға ешқандай жағдай жоқ. Біз Сізден осы жағдайға араласып осы жаңа ғимаратқа қалуымызға ықпал етуіңізді сұраймыз", - дейді "Авиценна Бурабай" ЖШС медицина қызметкерлерінің ұжымы.
Аталған мәселеге орай Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді.
"Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік –жекеменшік әріптестік туралы" заңының 16 бабы, 2 тармағы 2 тармақшасының талаптары бойынша жекеменшік әріптес жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты шеңберінде тауарлардың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. Аталған келісімшарттың 15.2 тармағының 4 тармақшасына сәйкес "Авиценна Бурабай" ЖШС-і МЖӘ нысанының мақсатты арналуына сәйкес халыққа медициналық қызметті толық көлемде сапалы орындауға және көрсетуге міндетті. Емхана бөлімдерін басқа ғимаратқа ауыстыру келісімнің шарттары атап айтқанда МЖӘ келісімшартының 19 тармағы бұзылатындықтан жол беруге болмайтын әрекет. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық сотының осы жылдың 2 маусымындағы қаулысын орындау және ғимаратты мемлекен меншігіне аудару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты аталған ғимаратты қолданудың заңды тағдыры шешілгенге дейін халыққа медициналық қызмет көрсету Щучинск ескі емхана ғимаратында жүргізілмек", - дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы