Бурабай баурайында осы заманғы сәулет өнерімен салынған еңселі мешіт ашылды. Айтулы оқиғаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз хазірет арнайы қатысып, мұсылман қауымға өзінің ақжарма тілегін арнады. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мешіт салу аса тағылымды іс екенін атап көрсетті. - Осы Бурабай жерінде азаттықты аңсаған алаштың алыптары, хандары мен батырлары бас қосып, елдік мәселелерді байыппен шешкен. Бүгінгі тәуелсіздік алған кезде бірлігіміз бен ынтымағымыздың мызғымас беріктігін паш ететін ұлық істердің жарасым табуы жақсылықтың нышаны. Имандылық үйі- мешіттің өзінің қайталанбас сипатымен салынған, сәулет өнерінің ерекше туындысы ретінде бой көтерген қуанышы сауабы мол іске жатады,- деді Бас мүфти Серікбай Ораз өзінің құттықтау сөзінде. Бас мүфти ел алдында ғибратты уағыз айтып, жұма намазы оқылды. Мешітті салуға тапсырыс беруші- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қоры болып табылады. Бір атап өтерлігі, діни ғимарат осы заманғы сәулет өнерімен салынып, барлық инженерлік желілері, сыртқы бет бейнесі жаңа заман технологиясымен жабдықталған. Құрылысқа пайдаланылған өнімдер де экологиялық таза шикізаттар. Осы мешітті салған BI GROUP құрылыс корпорациясының бас директоры Жамбыл Жетпісбаевтың айтуынша, жүз елу орындық ғимараттың жалпы алаңы - 1659 шаршы метр. Мұнда мешітке тән барлық құлшылық орындары, кітапхана, білім беру орындары бар.