Щучье-Бурабай курорттық аймағында орналасқан "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көлдерінен қыс бойы мұз үстінде жиналып қалған қоқыс жиналды. Шараны ұлттық парктің инспекторлары ұйымдастырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бурабай көлі – Көкше өлкесіндегі табиғаттың таңғажайып сыйы. Көз тартар көркімен жаз мезгілінде ғана емес, қыста да келушілерді көп қызықтырады. Елімізде туристер келуге асығатын аймақтың бірі деуге болады. Әсіресе, қыс мезгілінде "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі көлдерінде демалысын өткізетіндер аз емес. Ал көл бетіне шығып балық аулайтындар мен мұз бетін тамашалауға келген туристерден қоқыс та қалады. Ал бұл қоқыс қалдықтары көлдің суы мен ондағы тіршілік иелеріне қауіп төндірмес үшін "Бурабай" ұлттық паркі ұжымы арнайы акция өткізеді. Сол акция биыл да жалғасын тапты.
Қар ери басталысымен "Таза мұз" акциясын жоспарлаған ұлттық парк қызметкерлері қыс бойы балықшылар мен туристер қалдырған қоқысты көлге түсіп кетпеуі үшін мұз бетін тазалап өтті. Жүргізілген тазалық шарасының нәтижесінде жалпы көлемі 3 тоннадан астам қоқыс жиналыпты. Бұл көл экологиясы мен фаунасын сақтап қалуға қосқан зор үлес.
Соңғы тазалық шарасы 24 наурыз күні Бурабай, Щучье және Кіші Шабақты көлдерінде ұйымдастырылды. Оған Бурабай, Ақылбай, Бармашы орман шаруашылықтарының 45 инспекторлары мен жергілікті әуесқой балықшылар атсалысты. Бұл жолы 35 келіден астам қоқыс тазартылған.
"Ұлттық саябақ көлдерінің ихтиофаунасы биыл қысты қалыпты өткізді. Жүкей мен Қотыркөлден басқа көлдерде еріген оттегі деңгейі төмендеп, аэрация шаралары жүргізілді. Ұлттық парктің инспекторлары балықтар қатып қалмасы үшін суды оттегімен қанықтырып 12 рет ойық ойды. Қазір жағдай тұрақты. Көктем жақын қалғандықтан, инспекторлар балық уылдырық шашатын, суда жүзетін және су маңын мекендейтін құстардың ұя салатын жерлерін қорғауға көңіл бөле бастады. "Таза мұз" акциясын жылда өткізу дәстүрге айналған, оған ұлттық парк қызметкерлерімен қатар, жергілікті әуесқой балықшылар, демалушылар, жергілікті тұрғындар да атсалысады. Баршаңызды осылай қоршаған ортаны тазалауға шақырамыз", – дейді инженер ихтиолог Максим Пак.
"Бурабай" ұлттық паркі ұжымы осы аймақта орналасқан 23 көлдің экологиясын бақылайтынын айта кетейік. Олардың ішіндегі ең ірі бесеуі – Щучье, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты, Қотыркөл көлдерінің мұз жамылғысының ауданы 10,5 мың гектардан асады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ