Ақмола облысы Бурабай ауданының бірнеше балабақшасында балаларға берілетін тамақты үнемдеп, дәруменге бай тағамдарды мүлдем бермеген болып шықты. Аталған балабақшаларда 1695 бала тәрбиеленуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Балабақшалар мен бөбекжайларда салауатты тамақтандыру мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын басты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бірі екені даусыз. Құжатта балабақшаларда таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас, бесіндік және кешкі ас болуы тиіс екені көрсетілген. Алайда, балабақшалар аталған талаптарды өрескел түрде бұзған болып шықты. Балақайлардың тамағын ауыздарынан жырып, үнем жасалғанын Бурабай аудандық прокуратурасы анықтапты. Мектепке дейінгі балабақшаларда 2021-2022 жылғы және осы жылғы балалардың тамақтану жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалануына талдау жасаған құзырлы орган осындай қорытындыға келген.
"Жоғарыдағы талаптар бұзылып, балалардың түскі асына көкөніс салаттарын мүлде бермеген. Сондай-ақ кешкі асқа көкөніс немесе ірімшік яки ботқа, екінші тамаққа ет, балық немесе құс еті қосылған бекітілген тізімдегі тамақты бермеген. Екінші таңғы асқа балаларға шырын мен жемістер берілуі тиіс болғанымен оған тек осылардың бірі ғана берілген болып шықты", - дейді Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Прокуратуралық қадағалау актісінен кейін ауданның барлық балабақшаларында тамақтану рационы толықтай санитарлық ереже талаптарына сәйкестендірілген. Санитарлық ереже талаптар сақталмауының салдарынан 1695 баланың құқығы бұзылғаны үшін лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!