- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бумерлер, зуммерлер және...
Бумерлер, зуммерлер және миллениалдар: сіз қай буынға жатасыз?
Буындар теориясының негізін қалаған америкалық қоғамтанушы Уилльям Штраус пен Нил Хоув. 1991 жылы АҚШ-тың екі ғалымы 1500-жылдардан біздің заманымызға дейінгі ел тарихына анализ жасап, қоғам дамуында қандай да бір кезеңділікті байқаған.
Буындар теориясы деген не?
Буын - бұл бір уақыт аралығында дүниеге келген және ұқсас жағдайда өскен адамдардың қоғамдық тобы. Буындар теориясына сәйкес адамзаттың дамуы циклді және төрт кезең бірінен соң бірі қайталанады: дағдарыс, өрлеу, құлдырау, ояну. Әр 20-25 жыл сайын құндылықтары мен көзқарастары ата-аналарының көзқарастарымен ұқсамайтын ұрпақ пайда болады. Теорияның негізгі міндеті - бұл айырмашылықтарды анықтау және қарым-қатынасты жеңілдету үшін оларды түсіндіру.
Буындар теориясы ғалымдарының ойынша, әр кезеңде қоғамдық институттардың күші өзгереді:
- дағдарыс ("момын буын" және "зуммерлер") қоғамның әл-ауқатына бағдарланған және жаңа институттар құруға мүдделі адамдарды қалыптастырады;
- өрлеу ("бэби-бумерлер") әлеуметтік институттардың дамуымен қатар жүреді;
- ояну ("Х буын") - даралықтың рөлі артып, қоғамға наразылық туындайды;
- құлдырау ("Y буын" немесе "миллениалдар") қоғам дарашылдық жолымен жүреді.
X, Y, Z буындары туған жылдары бойынша былай бөлінеді:
- момын буын (1925–1944);
- бэби-бумерлер (1944-1967);
- X буыны (1967–1984);
- Y буыны-миллениалдар (1984–2000);
- Z буыны-зуммерлер (2000–2011);
- Альфа-буын (2011 жылдан бастап).
Момын буын (1925–1944)
Момын буын — Екінші Дүниежүзілік соғыс балалары, ал, мұхиттан ассақ олар тіпті маккартизм балалары. The Time бұл буын балаларын жамандықтан жақсылық нұрын көретіндердің қатарына жатқызған.
Бұл буын үнсіз немесе момын деп аталады, өйткені оның өкілдері өз пікірлерін сыртта сирек айтады. Соғыс, содан кейін қуғын-сүргін бұл балаларды тыныш болуға, көпшіліктен ерекшеленбеуге үйретті. Олар батыр болуды армандады, бірақ сақтықты да үйренді. Олардың негізгі белгілері:
- шыдамдылық;
- заңға және әлеуметтік нормаларға құрмет;
- өз пікірін ашық айта алмау;
- үнемділік;
- адалдықпен жұмыс істей білу;
- дәрігерлерге сенім.
Момындығына қарамастан, тарихта "пысықтар" қатарынан табылғандар жеткілікті: Мартин Лютер Кинг, далай-лама, Че Гевара, Михаил Горбачев, Борис Ельцин. Өнерде де бұл буынның балалары біраз "шу" көтерді: Чак Берри, Элвис және The Beatles. Қазақ даласына вальс билеткен Шәмші де бұл буынның өкілі.
Бэби-бумерлер (1944-1967)
Ұлы тоқырау да, соғыс та аяқталды. Болашаққа деген көзқарас өзгерді, туу көрсеткішінің артуы да адамдардың жағдайы жақсарғанынан хабар беретіндей. Бэби–бумерлер саны – бүгінде көп елдің қартаюына алып келді. Мысалы, көрші Ресей мемлекетінің халқының төрттен бір бөлігі – осы аралықта дүние есігін ашқандар.
Бэби-бум буыны өздерінің шынымен белгілі бір буын өкілдері екенін ұға білді. Олар өз ата-аналарына қарағанда белсенді, білімді әрі жетістікке көп қол жеткізді. Олар ойларын ашық айта алды, ата-анаға қарсы шығып, белгілі бір мәдениет қалыптастырды. АҚШ-та бұл буынның өзін екіге бөледі: бірі 1954 жылға дейін дүниеге келгендер, енді бірі – Late Boomers, яғни кешіккен бумерлер. Бірінші бөлікке Джим Моррисон, АҚШ-тың үш президенті Клинтон, Буш-екінші және Трамп кіреді. Компьютер әлеміне революция жасаған Билл Гейтс пен Стив Джобс 1955 жылы дүниеге келіп, кешіккен бумерлер қатарына ілігеді.
Бэби-бумерлер "буын" ұғымының қалыптасуына түрткі болды. Олар еркіндік туралы ән салды...
Бэби-бумерлердің негізгі ерекшеліктері:
- мансапты белсенді құру;
- тұлғалық өсуге ұмтылу;
- берік достық байланыстар;
- батылдық;
- спортқа деген сүйіспеншілік;
- оптимизм;
- ерте отбасы құруға ұмтылыс;
- патриотизм.
X буыны (1967–1984)
"X буыны" терминін фотограф Роберт Капа ойлап тапты: ХХ ғасырды бейнелейді деп түсіндірді. Бұл мағынаға үстеме мағынаны 1991 жылы "Х буыны" деген романын жарыққа шығарып, Дуглас Коупленд сыйлады.
X буыны бэби-бумерлерден ерекшеленіп тұрды. Олардың саны аз болды: олар этникалық әртүрлі болатын. АҚШ-та иммигранттар саны артты. Ата-аналардың екеуі де кешке дейін жұмыс істей бастады. Балалар мектептен өз бетімен қайтып, адамдардың арасында еркін қарым-қатынас қалыптастырды.
Бұл уақытта гранж стилі қалыптасты. Заманауи хип-хоп пен и Rʼn’B бағытының қалыптасуын да осы кезеңге жатқызамыз. Өйткені, 1962 жылы MC Hammer дүниеге келді, 1981 жылы Бейонсе дүние есігін ашты. Тупак, Эминем де – осы буынның балалары. Айтпақшы, YouTube та – осы буынның жетістігі.
Бұл буынды да жиі жоғалғандардың қатарына жатқызады. Бірақ, бұлар "жоғалуы" тек жақсылыққа бастағандай...
X буынының негізгі ерекшеліктері:
- өзгерістерге дайын болу;
- техникалық сауаттылық;
- бейресми көзқарастар;
- прагматизм;
- ерлер мен әйелдердің тең құқығына ұмтылу.
Y буыны-миллениалдар (1984–2000)
Y буыны — кешіккен бумерлердің балалары, XX ғасырдың соңғы балалары деп те атайды. Бұлар жаңа ғасырда ер жетеді, сондықтан да кейбір дерек көздері бұл буынды миллениал деп те атауды жөн санаған.
Бұл буынды "адасқандар" деп ұғады: оларға өзімшілдік тән, салмақсыздық танытады, смартфонға тәуелді. Олар интернет арқылы ер жетті, YOLO, селфи және Snapchat терминдерін қалыптастырды. Олар еркін, өз ойларын анық жеткізеді және таңдау құқығына ие екендігін жақсы біледі.
Бұл буынды әлемдік жаңашылдықтың негізгі буыны ретінде қабылдаған.
Y буынының негізгі белгілері:
- тәуелсіздік;
- төзімділік;
- саяси процестерге қатысқысы келмеу;
- өзін міндеттемелермен байланыстырғысы келмеу;
- олар мансапты дамытқысы келгенімен, ол үшін жеке басын құрбан еткісі келмейді, кеңсе жұмысынан гөрі қашықтан жұмыс істегенді жөн көреді;
- олар өмір бойы оқуды жөн көреді, олар онлайн режимінде оқуды жөн көреді;
- ақпараттың қолжетімділігіне үйренген, бірақ Интернетке көп сенеді;
- олар басқа буындармен салыстырғанда интернетте көп уақыт өткізеді;
- экологияға қамқор.
Z буыны-зуммерлер (2000–2011)
Х буынын ығыстыратын жаңа ғасыр ұрпақтары да өсіп келеді. "Z буыны туралы" жиі естиміз, бірақ, нақты ешнәрсе білмейміз. Олар тек интернет арқылы өсіп қана қойған жоқ, олар Instagram аккаунты арқылы "дүниеге келді".
Бұл буын балалары ерте есейеді, ерте шешім қабылдайды және өздерінің не қалайтынын жақсы білетін болады. Бұл буын әзірге тым жас, бірақ әлемді өзгертуді бастап кетті: бірі еркіндік үшін, бірі "хайп" үшін.
Z буынына тән белгілер:
- олар интернетті жұмыста белсенді қолдана отырып, ерте ақша таба бастайды;
- есірткі мен алкогольді аз қолданады;
- жиі депрессияға шалдығады;
- толерантты;
- экологияға қамқор;
- зейін қою проблемалары бар;
- алдыңғы буындармен диалог құрғанды жақсы көрмейді, арақашықтық сақтағанды жөн көреді.
Альфа-буын (2011 жылдан бастап)
Альфа-буын – 2010 жылдан кейін өмір есігін ашқан балалар. Оларды адамзаттың болашағы деп те айтады. Бұл ұрпаққа жауапты миссия жүктелген. Олар жаңа әлем құруы керек. Әлеуметтанушылардың айтуынша, альфа-буын балалары өте ақылды, жан-жақты дамыған, кез-келген жағдайға бейімделе алатын болады. Адамзатты гендерлік және нәсілдік таптаурындардан азат ететін осы альфа буын болмақ. Оған қоса, дәл осы альфа-буын тарихтағы ең бай ұрпақ болады деген болжам бар.
Альфа-буынға тән белгілер:
- ақпаратты жылдам қабылдайды;
- басқа буындарға қарағанда көп саяхаттайды;
- толерантты;
- планетаға қамқор;
- технологияларға тәуелділік;
- сезімдерін дұрыс білдіре алмау.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова