Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қаржы министрлігі қызметкерлерінің ісіне қатысты видеоны көрсетті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Антикор Қаржы министрлігінің шенеуніктері салық бойынша тексерулер кезінде кәсіпкерлерден пара алу бойынша қылмыстық схеманың жолын кескенін хабарлады.
Алматы мен Астанада арнайы операция өтіп, онда ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған Қаржы министрлігінің басқарма басшыларының әрекеті әшкере болды.
"Олар кәсіпорынға толық алынып тасталуға тиіс 570 миллион теңге сомасындағы салықтың негізсіз есептелгені туралы ресми ақпаратқа қол жеткізіп, делдал арқылы осы компанияның өкіліне хабарласып, ақшалай сыйақы талап еткен. Кейін бұл мәселені шешеміз деген желеумен оның 68 миллион теңге қаражатын иемденген", – делінген хабарламада.
Сот электрон бақылау арқылы күдіктілерді үйқамаққа алуды санкциялады. Сондай-ақ қылмысқа басқа департамент қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр.
Антикор заң бойынша айыпталушылардың кінәсі сотта дәлелденбейінше, олардың кінәсіз деп есептелетінін еске салды.
Кәсіпкерлер заңсыз әрекеттерге тап болғанда e-Otinish порталына немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 байланыс орталығына хабарлай алады.
Ақпарат толықтырылып жатыр...
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!