“Бұлай салғырт қарауға болмайды“. Бектенов жылу маусымына дайындықты созып жатқан өңірлерді атады

“Бұлай салғырт қарауға болмайды“. Бектенов жылу маусымына дайындықты созып жатқан өңірлерді атады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика нысандарын жылыту маусымына дайындауды жеделдетуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қай өңірлер сынға қалды?

Үкімет басшысы бірқатар өңірдің жұмысына тоқталды.

"Жылыту маусымы басталуына шамамен бір ай уақыт қалды. Солтүстік өңірлерде дайындық жұмыстарын аяқтау мерзімі бұдан да шектеулі. Сондықтан жөндеу науқанын уақтылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет. Мендегі ақпарат бойынша бірқатар өңірде жөндеу мерзімі кешігу қаупі бар. Мәселен, осындай қатер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында байқалып отыр. Сондай-ақ, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

"Бұлай салғырт қарауға болмайды"

Сондай-ақ, энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты өңірлік штабтардың жұмысына назар аударылды.

"Олар бірқатар өңірде есеп көрсеткіштерін тыңдаумен ғана шектеліп отыр. Жылыту маусымына дайындық барысына бұлай салғырт қарауға болмайды. Атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау қажет", - деді премьер-министр.

Энергетика министрлігіне жөндеу мерзімі сақталуын бақылау тапсырылды.

"Энергия көздерін жөндеу мерзімі ұзартылып жатыр. Бұл орындау тәртібі төмендігі мен іс-шаралар уақтылы қабылданбағанын көрсетеді. Энергетика министрлігіне әрбір осындай дерек бойынша әкімшілік шаралар қабылдауды тапсырамын. Жөндеу науқанының мерзімін бұзған немесе оны созып жүрген басшылардың мәселесін де қарау қажет", - деді Олжас Бектенов.

Cурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

"Басшылар жауапкершілікке тартылады"

Премьер-министр жергілікті жерлерде бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді.

"Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырамын. Энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін тұрақты түрде тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысы мен қажет материалдық ресурстар болуын бақылауда ұстау қажет. Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кетсе, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады", - деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Энергетика министрлігіне, әкімдіктерге және энергетикалық компанияларға жөндеу жұмыстарын аяқтап, жаңа қуатты белгіленген мерзімде іске қосу тапсырылды.

"Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. "Самұрық-энерго" жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуын ғана емес, жаңа қуаттарды іске қосуды да қамтамасыз етсін. KEGOC компаниясы желілер мен қосалқы станцияларды жөндеудің бекітілген кестесін орындауға тиіс. Жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау қажет", - деді ол.

Үкімет отырысында өңірлерге ерекше назар аударылды. Премьер-министр анықталған кемшіліктерді жедел жою қажет екенін жеткізді.

"Артта қалған әкімдіктерге мәселелерді тез арада жою қажет", - деді премьер-министр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget