- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұл ниетті Димекең...
"Бұл ниетті Димекең билікке ұмтылу әрекеті деп түсінді". Назарбаев Қонаевпен араздық туралы ашып айтты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабы жарық көрді. Кітапта ол Дінмұхамед Қонаевпен қарым-қатынасы туралы айтқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Д. А. Қонаев тіпті де біржақты ғана тұлға емес-ті. Оның беделінің артуы Брежневтің қолдауының арқасында ғана жүзеге асты деп түсіндіру - уақытты да, оның өзі тудырған перзенттерін де кешірілмес дәрежеде тұрпайыландыру. Менің көзқарасым бойынша, Д. А. Қонаев өмірінің басты түйткілі - партиялық тіректің мызғымастығы мен аса құдіреттілігіне, партиялық басшылық жасау дәстүрлерінің ешқашан да қателеспейтініне ондаған жылдар бойы қалыптасып келген кәміл сенім. Беделдің буы биліктің биік шыңына шыққан адамды ертелі-кеш алмай қоймайды. Ал беделге негізделген билік өзін бағынышты адамдардың үрейлі қорқынышы жағдайында ғана сенімді сезінеді. Қонаевтың драмасы өзі шексіз сенген, өзі адал қызмет еткен партияның тарихтың күресініне кетіп бара жатқанын, жалпы, социалистік даму жолын таңдаған жүйенің өзге қоғамдық жүйемен бәсекеде жеңіліске ұшырай бастағанын дер кезінде тани алмағаны деген дұрыстыққа келетін шығар. Жылдар бойы қордаланып келген келеңсіз құбылыстардың қандай да белгілі бір себебін ашуға менің тарапымнан жасалған әр әрекет Қонаев екеуміздің арамызды бұрынғыдан да суыта берді. Бірінші басшының жеке басына тән қасиеттері мен ар-намысына дақ түсіруге ешқандай да қатысы жоқ кез келген қадамның өзі оның беделін түсіру үшін қасақана жасалған зұлымдық әрекет есебінде бағаланды. Ақыры арамыз алшақтай бастады. Ұстазыммен ұстасуыма тура келді", - дейді ол.
Назарбаев Қонаевпен араздықты Сергей Плехановтың "Жібектей есілмеген жол" кітабынан үзінді келтіріп түсіндірді.
"Еске алуға да, жазуға да жайсыздау тақырып болғандықтан, бірақ өз өмірің жайындағы кітапта мұны еш айналып өте алмайтындықтан, мен үшінші жақтан баяндау тәсілін қолданайын. Сергей Плеханов "Жібектей есілмеген жол" ("Не шелковый путь") деген кітабында бұл туралы былай дейді: "Тағайындалғаннан кейін небәрі бір жарым жыл ғана өтті, ал Бірінші мен премьердің қарым-қатынасы мейлінше өзгерді. Қонаев көз алдына елестеткен айтқанынан шықпайтын үкімет басшысының орнына, оның жанына іштегі кикілжіңді сыртқа шығаруға қабілетті адам келді. Ал кикілжіңдер едәуір жиналып қалған еді...
Қонаевтың "ерте жетілген жасты" тезге салу ниетін ашық түрде білдіргеніне қарамастан, Назарбаевта өз қарсыласына деген жеккөрушілік болған жоқ. Ол тіпті өзінің кей кезде қарт жауынгерге таң қалатынын аңғарды. Шынында да, қайраткердің таңғажайып үлгісі тазартулармен және жаппай қуғын-сүргінмен қыздырылған саяси ортада өсіп шыққан-ды. Назарбаев егер жауласпай, ынтымақты қызмет істесе, республика басшылығында екі дербес ойыншының тұруы әбден мүмкін екенін өзінің барлық іс-қимылдарымен дәлелдеді. Бұл прагматиктің ой қисыны еді. Бірақ ол өз өмірінің үлкен бөлігін биліктің өзіне сай пирамидасын қалыптастыруға арнаған адам үшін үйлеспейтін дүние болып еді. Бұл фигурада екі шыңның тұруы мүмкін емес! Қалыпты пікірсайысты ол өз беделіне жасалған қастандық ретінде қабылдады. Оның іс-әрекеттеріне тартыс қисыны басшылық етті. Оған сәйкес қарсыластардың тек біреуі ғана қалуы тиіс болатын…". Сергей Плеханов жазушы ретінде бұл тіресуді өліспей беріспеуге жеткендік етіп құйындатыңқырап, қиындатыңқырап жазған, әрине. Бірақ істің жайы негізінен алғанда осы шамалас еді", - делінген кітапта.
"Өкінішке қарай, бұл ниетті Димекең билікке ұмтылу әрекеті деп түсінді"
"Дегенмен, оның республика басшылығында екі дербес ойыншының тұруы туралы айтқанымен келіспес едім, өйткені республиканың басында Қонаевпен қатар, одан дербес тұру ойыма да кіріп-шықпаған. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ерінің, Саяси бюро мүшесінің беделі ондайды ойлатпайды да. Менің бар ниетім ортақ істі қолдан келгенше жақсарту, орын алған қиғаштықтарды бірге түзету болатын. Өкінішке қарай, бұл ниетті Димекең билікке ұмтылу әрекеті деп түсінді", - деп жазылған кітапта.
"Амалсыздан осындай айлаға бардым"
Назарбаевтың айтуынша, ішкі тартыстың шырқау шегі Қазақстан Компартиясының XVI съезінде жеткен.
"Біздің ішкі тартысымыз Қазақстан Компартиясының XVI съезінде шырқау шегіне жетті. Қабылданған тәртіп, жазылмаған заң бойынша партиялық съездерде екі баяндама жасалады. Біріншісі - республика партия ұйымы басшысының есепті баяндамасы, екіншісі - Үкімет Төрағасының қосымша баяндамасы. Сол жылғы аталуы - "КСРО-ның 1986-1990 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған экономикалық және әлеуметтік дамуының Негізгі бағыттарының жобасы туралы". Баяндамам негізінен сынға құрылды. Әдетте мұндай құжат экономикада атқарылған істерді санамалап, алдағы міндеттерді айтып шығумен шектелетін. Орталық комитетке алдын ала берген нұсқам дәл сондай болатын… Съезде оқылған нұсқаға ұйымдық-партиялық бөлімде рұқсат етілмейтіні анық еді. Сондықтан осындай айлаға бардым амалсыздан. Сенімді көздерден тиісті мәліметтерді алдыртып, баяндама мәтінін қолмен жазып шықтым. Оны менен басқа ешкім көрген жоқ Ауыр сын. Өмір жолымдағы биік белестердің бәріне Димекеңнің әсері барын былай қойғанда, біз - қазақпыз, Шығыс адамдарымыз, бізде жасы үлкенге құрметпен қарау - міндет, парыз. Сондықтан баяндамада Д. А. Қонаевтың атына тікелей сын айтқан жоқпын. Еш жерде ол кісінің аты-жөні нақты аталған жоқ. Дегенмен, республика басшысы бәріне де жауапты екені онсыз да белгілі ғой. Оның есесіне Дінмұхамед Ахметұлының туған інісін аяп қалмадым..." - делінген кітапта.
Назарбаев мінберден Асқар Қонаевты неге сынағанын түсіндірді.
"Бұл айтқандарым Алматыға да, бүкіл елге де белгілі еді. Осы тұста жұрт дуылдата қол соқты. Негізінде, Асқар Қонаевты бұлай ашына сынауға құқым да бар еді. Туған інісінің өнбейтін жұмысы, ұятты жүріс-тұрысы туралы (әңгіменің ашығы керек, оның Академия жұмысын ақсатқаны аздай, ішкілікке салынатыны, тіпті содан қызмет орнына сирек келетіні Алматыға әбден жайылған болатын) өзіне алдын ала айтқанмын. Сізден басқа оған ешкімнің ықпалы жүрмейді, бауырыңызды жөнге келтірсеңіз деген тілек тұрғысында. Димекең ол сөзімді дұрыс қабылдаған сияқты еді, алайда бір күннен кейін-ақ Асқар Қонаев маған телефон соғып, қайта-қайта өзін неге ұнатпайтынымды ғана сұраумен болды. Ішіп алғаны сөзінен сезіліп тұрды. Содан кейін ғана бұл мәселені партиялық трибунаға шығаруға тура келді. Ғылым академиясына байланысты сын ол баяндамадағы көптеген жайлардың бірі ғана. Мәселе бірінші басшының туған інісіне қатысты болған соң елдің есінде ерекше қалған сияқты. Мына жайдың басын ашып алайын. Мен Қонаевтың ту сыртынан сын садағын қадаған жоқпын. Өз сөзімде республикада қалыптасқан жағдай өзгертілуі тиіс екенін айттым, ашық айттым", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек