“Бұл не масқара?“ Президент бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасатындарды сынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдепті жаңғырту және тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Казахстанская правда" газетінің тілшісі Юлия Магер Мемлекет басшысынан бұған дейін өзі көтерген жаңа қоғамдық этика бастамасы туралы сұрады. Журналист өзгеге құрметпен қарау, заң мен тәртіпті сақтау, өзін сыйлау және жауапкершілік таныту қазақстандықтардың күнделікті дағдысына айнала ала ма деген сауал қойды.

Президент бұл бастаманы уақытша науқан емес, қоғамға қажет нақты іс деп санайтынын айтты.

"Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы амандасу әдебіне де арнайы тоқталды. Оның пікірінше, кейінгі кезде қоғамда кең тараған кейбір амандасу үлгілері қазақтың дәстүрлі әдебіне сай келмейді.

"Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара?" – деді Президент.

Тоқаев ер адамдардың қол алысып, нық амандасуын жөн көретінін айтты. Ал адамды көргеніне ерекше қуанышты болса, оң қолын кеудесіне қойып сәлемдесуге болатынын жеткізді.

Президент жаңа әдеп мәселесі тек амандасу мәдениетімен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін де орнықтыру қажет.

"Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық ұғымын тек айналаны таза ұстаумен шектеуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, адамның ойы мен жан дүниесінің тазалығы да маңызды.

"Тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз", – деді Президент.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз