"Бұл не масқара!" Депутат қонақүйді қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін сынға алды

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Facebook-парақшасында қонақүйді қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Мәжіліс депутатының айтуынша, оқиға Алматыдағы "Рахат палас" қонақүйінде болған. Садық Жанықұл есімді азамат қонақүйге шетелдіктерді орналастыруға әкелгенде, қонақүй қызметкері қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан.

"Бұл не масқара! Біздің елде мемлекеттік тіл Ресей тілі екенін айғақтап тұр бұл видео! Біздің елде шұғыл мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау мемлекеттің міндеті екенін айғақтап тұр бұл видео! Бұл Алматы қаласындағы "Рахат палас" қонақүйінде болған оқиға. Шетелдіктерді қонақүйде орналастыруға алып келген Садық Жанықұлға қонақүй қызметкері мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан да, шетел тілдерінде орыс, ағылшын тілдерінде қызмет еткен. Жарайсың, Садық бауырым! Бәрі өте сауатты да, жауапты!" - дейді депутат.

Депутат тіл мәселесіне қатысты "Ақ жол" фракциясының депутаттық сауалы туралы да сөз қозғаған.


"Орысша сөйле! Орыс тілі мемлекеттік тіл!" дейтіндей орыс тілі міндетті мемлекеттік тіл болып тұр ғой сонда біздің елде, биліктегілердің қалауымен және ащы шындықты жасырып, жабуы арқасында! Бізде мемлекет, Үкімет басшылары мен министрлер мен әкімдер, өзінің мансабын, отырған орындығын ғана ойлап, сол үшін мемлекеттік тіл мүддесін қорғауды құрбан етуді доғаратын кез жетті! Енді ел оған төзбейді! Әлсіз, уақыты өткен бейшара Тілдер туралы заң жұмыс істемегесін, ел осылай өздері мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау үшін күресіп жатыр! Тілді қорғағаны үшін тіл күрескері Қуат Ахмет елден кетуге мәжбүр болды! Енді жаңарған Қазақ елінде, жаңа жүйеде неге мемлекеттік тіл - мемлекеттік мүддені қорғағаны үшін Қуат бауырымызды елге қайтарып алмаймыз?! Оның қалай кетуге мәжбүр болғанын, оған қандай кінә тағылғанын, ондай кінәні кез келген адамға тағуға болатынын, (сонда ешқайсымыз заңмен қорғалмағанбыз), біз жақсы білеміз. Біздің елде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, мемлекеттік тіл туралы заң жоқ әлі күнге дейін?! Басқа Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған елдің бәрі мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, бұл өте өзекті де, маңызды, ұлттық намысты айқындайтын мәселені баяғыда дұрыс шешіп алған. Осыдан екі ай бұрын "Ақ жол" фракциясының депутаттық сауалында жариялағанымыздай, Мемлекет басшысынан бастап, барлығымыз мемлекеттік тілді қорлатпауымыз керек! Қорғауымыз керек! Ол мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Конституцияның тіл туралы бабында мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара айқындауды талап еткен депутаттық сауалға 41 депутат қол қойды. Кейбір депутаттар ел алдында жалғандыққа барып, "Қазыбек Иса ол депутаттық сауалды бізге жіберген жоқ" деп өтірік айтып, ақталып жүр екен. Біріншіден, ол депутаттық сауал 107 депутаттың көзінше жарияланды. Екіншіден, депутаттардың көбісі өздері хабарласып, қолдайтынын айтып, қол қойды. Үшіншіден, ол депутаттық сауал осы мемлекеттік тілді қорғауға ар-намысы жетеді-ау деген жалпы депутаттардың 80 пайызының жеке WhatsAPP-на жіберілді. Өте дұрыс, өзекті мәселе көтеріп отыр Садық бауырымыз", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол Алматыға сапарында осы қонақүйге барып, мемлекеттік тілде сөйлесетінін айтқан.

"Садық Жанықұл негізі ағылшын, араб, түрік тілдерінен бастап 6 тіл біледі, орыс тілін білмесе де. Сондықтан ұлттық ұстаныммен "орыс тілін білмеймін" деп мақтанышпен, ресми мәлімдеп, мемлекеттік тілдің намысын қорғап тұр! Бәріміз осылай, Садық бауырымыздай мемлекеттік тіл қорғаны болуымыз керек. Мен Алматыға енді барғанда ешқандай жұмысым болмаса да, міндетті түрде осы "Рахат палас" қонақүйіне барып, осы қызбен (егер ол уақытқа дейін қонақүй әкімшілігі шара қабылдап, жұмыстан шығармаса), мемлекеттік тілде сөйлесемін!" - дейді депутат.