- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұл концерттерден мүлде...
"Бұл концерттерден мүлде ақша тауып жүрген жоқпын". Әнші, актер Әсет Есжанмен сұхбат
"Дүр қамшы", "Раушан гүл", "Ол кім?", "Жыламасын сәбилер" атты тыңдарман көңілінен шыққан сырлы әндердің орындаушысы Әсет Есжан Zhuldyz FM-де қонақта болып, Massaget.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді.
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА театр және кино актері мамандығы бойынша тәлім алған Әсет Есжан Қаныш Сәтбаев туралы фильмнен кейін халық арасында танымал болып кеткенін айтты.
"Қазір енді Әсет Есжан деген есім бренд емес қой. Бірақ жарық жұлдыз деп маған айдар тағу осы Қаныш туралы кино шыққалы өте көбейіп кетті. Көшеде де кейде ұзақ қарап тұрып бір жерден көрген секілді боп тұрады. Ондайлар өте көп. Ал енді нақты сол фильмді ұнатып көрген, менің әндерімді тыңдайтындар аты-жөнімізбен толық біліп жатады", - дейді Әсет Есжан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әсет кастингтен өткеннен кейін геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаев туралы жан-жақты зерттегенін айтты.
"Қаныш Сәтбаевты халық тек академик, ғалым ретінде таниды. Ол кісінің негізі әдебиетке мәдениетке қосқан еңбегі орасан зор. Тіпті ашаршылық кезеңдеріндегі еңбектері де бар. Қаныш атамыз дәстүрлі ән айтқан, бұл кісі роль ойнаған актерлік шеберлігі де бар. 1913 жылы Семейде Біржан-Сара спектаклі қойылған, сол жерде Қаныш атамыз үш бірдей рөлде ойнаған. Біржанды сомдап, ән айтқан. Бұл кісі сан қырлы десек артық айтпаймыз. Менің жалпы киноға өтіп кетуіме түрімнен де бөлек, домбыра тарта алатындығым, өнерге жақындығым әсер етті", - дейді актер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Актерліктен бұрын әнші ретінде халық арасында танылған Әсет мейрамханалардың бірінде жанды дауыста кеш өткізген.
"Мен енді әнші ретінде үлкен залда концерт берген жоқпын. Бір достарым ұсыныс жасаған соң бес түрлі аспаппен концерт бердім. Өзіме қатты ұнады. Тыңдармандар, мейманханаға келген қонақтар саған жақын отырады, бәрі жанды дауыста өтеді. Бұл алдағы үлкен жеке кешке дайындалатын жер. Ал мен бұл концерттерден мүлде ақша тауып жүрген жоқпын. Ешқандай пайда түспейді", - дейді өнер иесі.
Әсет Есжан жанкүйерлерін жеке ән кешімен қуантпақ. Кеш Алматы қаласында 5 наурызда өтеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы