"Бұл қайдан келген киллер?" ШҚО-да қылды қиып түсірген мерген тұрады

Облыста Сағыр ауылының тумасы Ерлан Юсупов қазір көкпар мен жамбы атудан шәкірт баптап, ұлттық спорт түрлерін насихаттап жүр. Ат спортынан біршама белесті бағындырған азамат мергендігі сыналған сәтті де сабақтап айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан өңірі біршама жыл көлемінде республикалық спартакиадалар мен түрлі ат спорты жарыстарына толыққандай қатыса алмай келеді. Кей тұрғындар мұның себебін облыс басшылығы тарапынан жеткілікті мөлшерде қолдау болмағандығымен байланыстырды. Алысқа бармай-ақ жамбы ату мен көкпарды алайық. Екі спорт түрінен шәкірт баптап, өзі де олжа салған Ерлан Юсупов қазір кезекті спартакиадаға үмітпен қарайды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қаржы бөлінсе, өңір намысын қорғап қайтуға әзір. Айтуынша, соңғы екі жылда облыс асып ешқайда шықпаған.

"Биыл әйтеуір көкпар мен аударыспақтан жастар арасындағы республикалық чемпионатқа барып келдік. Онда мен төреші болдым. Қазір жамбы атудан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Ол маусым айының 13-22 аралығында өтеді. Қаражат бөлінсе барамыз", – деді Ерлан Иманханұлы.

Барлығы айналып келгенде ақшаға келіп тіреледі. Әйтпесе кейіпкеріміздің шәкірттері елішілік жарыстардан олжасыз қайтпаған. Жалпы, Ұлан ауданында ат спорты ешқашан тұраламаған. Айталық, 2018 жылы Астанада өткен "Ұлы дала рухы" фестивалінде Сләмбек Қабиев, Наурызбай Алданбаев, Әлихан Нығметуллин сынды жастар үздіктер қатарынан көрінген. Бұл өздері қатысқан ең соңғы ірі жарыс болып саналады. Өңір намысын арқалап жүрген спортшылар Сағыр ауылының маңында жаттығады.

Осы елдімекенде кіндік қаны тамған Ерлан Юсупов жамбы атудан еліміздің тұңғыш чемпионы. Қызылорда қаласында 2015 жылы жалауын көтерген фестиваль тартысқа толы өткен еді. Ерлан Иманханұлының сөзінше, сол кезде сайыс бағдарламасына жамбы ату алғаш рет енгізілді. Қойылған талап – ұзындығы 130 метр болатын жарыс жолын өзгелерден жылдам бағындыру. Бұл ғана емес, сол аралықта қатысушының ыңғайына қарай, ол солақай, не оңқай болуы мүмкін, құйғытып келіп үш нысанаға дөп тигізу. Олардың өзара арақашықтығы – 7 метрден. Ережеге сай, спортшы сол межені 22 секунд ішінде еңсеруі шарт. Садаққа да біршама нәрсе байланысты. Ерлан Иманханұлының айтуынша, бастапқыда сапалы садақтар Оңтүстік Кореяда жасалса, қазір украиндар да көптеп шығаруда. Олар: классикалық, аң аулауға арналған, спорттық деп бөлінсе, жамбы атудың білгірлері ұлттық садақты қолдануда.

"Әр жамбы аттың қылына байланған. Сөйткенде нысананың үшеуіне де тигізіп, тиісті ұпайымды олжаладым. Талайы мүлт кетті. "Бірінші орын уыста" деген сенімімде еш селкеу жоқ еді. Сол арада бәз-біреулер "Әй осы кездейсоқ тиіп кетті-ау" дегенді айтып қалды", – деді ұландық мерген.

Содан көрермен көңілінде күдік қалдырмас үшін жалғыз қылды қиып түсіруге бекінді.

"Атпен құйғытып келе жатып нысананы бірінен соң бірін көздеп едім, болмады. Алайда соңғысына келгенде жұрт назары түгелдей ауып, талайы аңтарылып қалған. Себебі, айтқанымдай-ақ қылды қиып түсірдім. Бүгінге дейін оны елімізде ешкім қайталаған жоқ", – деді спортшы.


Ерлан Иманханұлы дәл осы айрықша әдісі арқылы еліміз бойынша тұңғыш ұйымдастырылған жамбы ату сайысында өзгелерден оза шауып, тұғырдың ең биік сатысына шықты. Мергеннің айтуынша, ұлттық спорт жанкүйерлерінің бірнешеуі осы кезде "Бұл қайдан келген киллер?" деп таң қалған.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!