"Бұл қалаға қастандық". Степногор тұрғындары жанайқайын жеткізді

Степногордың жергілікті тұрғындары жергілікті билік "қала ішіндегі жасыл желек ағаштарды сиретеміз" деп тек түбірін қалдырып жатыр деп шу көтерді. Олардың айтуынша, былтыр жыл бойы әкімдік қала ішіндегі ағаштарды жаппай кесіп, олардың орнында сояу-сояу болып діңдері ғана қалған. Қаланың экологиялық жағдайына алаңдаған жұрт құзырлы органдарға жүгінгенімен еш нәтижесі де болмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, қалада кесілген ағаштар жаппай өліп, жасыл желек түрлі ауруларға ұшырай бастаған. Оның үстіне ағаштарды кесу шараларын мердігер компаниялар көктемгі уақытта емес, қар түсіп қыс басталғанда жүргізген. 

"Көп жылдық үйеңкі, емен, тал, терек сияқты қаланың көркін ашып тұрған ағаштардың бұтақтарын ғана емес түбіне дейін кесіп тастады. Тіпті түбірі де қалмағандары бар. Сояу-сояу болып тек діңдері ғана қалған теректер қорқынышты фильмдерді еске салады. Мұндай сұмдық біздің қала пайда болғалы болып көрген емес. Ағаштарды сирету мен оларды түп-тұқиянымен кесіп құрту екі бөлек нәрсе емес пе? Қаланың көркінен түк қалмады. Қорқынышты көрінеді. Кеңес уақытында ата-аналарымыз үйлеріміздің алдына егіп кеткен ағаштардан қазір дым қалмады. Бұл қалаға қастандық", - дейді Наталья есімді Степногор қаласының тұрғыны. 

Ағаштарды кесу Степногор қаласының іргесіндегі Заводской кентінде де жүріп, тұрғындардың ащы жанайқайын тудырған. Мердігер компаниялар ағаштарды түбіріне дейін кесіп тастағанымен қоймай кесілген ағаштар сол күйі адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, үйілген қалпы қалып қойған. 

"Өткен жылы ағаштардың бәрі тірі болған. Қазір олар түгелдей өліп қалған. Ағаштарды сауатсыз кесу көшелердің көркін бұзып қана қоймай ағаштардың жаппай қурап кетуіне әкеліп соғуда. Ағаштарды түгелдей кесіп тастағандықтан Степногор қаласы мен Заводской кентіндегі ағаштар орасан көлемде тіршілігін жойып жатыр. Бұл алдағы жылдары жасыл желек қоры үшін орны толмас ауыр жағдайларға душар етеді. Ағаштарды құрғап қалған ағаштар емес кәдімгі жас ағаштар да кесіліп жатқанын көріп жанымыз ауырып барып қадағалап тоқтатуын талап еттік. Сөйтсек мердігер компания қызметкерлері оларға құрғақ бұтақтардың ағаш бірлігі ретінде есептелмейтінін айтты. Ағаштар тіпті кесілген күйі тасталды. Үйге кіретін жолды да жауып тастады", - дейді Заводской кентінің тұрғыны Светлана Дьячкова. 

Түйткілді мәселені Степногор қалалық мәслихатының депутаты Нина Оразбаева да талайдан бері көтеріп келеді. Алайда, жергілікті билік пен әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі биылғы жылға тағы 2500 ағашты "сиретуге" тендер жариялаған. 

"Мемлекеттік тендерді тек сол бір компания ғана ұта береді. Онсыз да экологиялық жағдайы күрделі аймақтың барлық түтіні мен шаңын жұтып тұрған жасыл желек мүлде жойылып барады. Түйткілді мәселені көтеріп өз басым Степногор қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне, Заводской кентінің әкімдігіне мәселені көтеріп жаздым. Жауап берілгенімен түйткілді мәселені шешуде еш әрекет жасалмады. Керісінше ағаштарды түбіне дейін кесу одан сайын жалғасып жатыр. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ұзындығы 5 қабатты тұрғын үйлермен бірдей ағаштар жерден небары екі метрдей ғана етіп кесіліп жатыр. Жуырда тағы да 2500 ағашты кесуге тендер жарияланды. Жасыл желек шын мәнінде қурап өліп жатыр", - дейді Степногр қалалық мәслихатының депутаты Нина Оразбаева. 

Түйткілді мәселе жөнінде пікір білдірген Степногор қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ағаштарды сирету шараларының осыған дейін орнатылған бейнебақылау камераларының кедергісіз жұмысына мүмкіндік беретінін айтып ақталмақ болды. 

"Өткен жылдың қарашасында мердігер ұйыммен №1 шағын ауданда ағаштарды сирету бойынша жоспарға сай жұмыстар жүргізілді. Аталған шара қаланың кескін-келбетін жақсартуға бағытталған. Бұл сонымен қатар Степногор қаласы полиция басқармасымен орнатылған бейнебақылау камераларының кедергісіз жұмысына мүмкіндік береді", - деді Степногор қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен. 

Белсенді азаматтар облыстық құзырлы органдарға және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткізілген тендерге тексеріс жүргізу үшін облыстық мемлекеттік аудит департаментіне де арызбен жүгінген. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!