“Бұл жазатайым оқиға емес“. Өлі табылған 14 жастағы қыздың ісі дұрыс қаралмай жатыр

“Бұл жазатайым оқиға емес“. Өлі табылған 14 жастағы қыздың ісі дұрыс қаралмай жатыр
Фото: instagram.com/nemolchikz_official

Астанадағы қараусыз қалған ғимараттан денесі табылған 14 жастағы қыздың оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алайда, #Немолчикз айтуынша, тергеу ісі басталмаған.

Қайтыс болған қыздың жақындары #Немолчикз-ке шағымданған екен. 

"10.09.2024 жылы сағат 22:00-де полиция қызметкерінен мәйіт қараусыз қалған ғимараттан табылды деген хабар келіп түсті. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Байқоңыр АІІБ қызметкерлері "бала тұрмыстық газдан уланып, құлады және кенеттен жүрегі тоқтап қалды" деген нұсқаны алға тартып, жағдайды "жазатайым оқиға" деп бағалады. Бала қайтыс болған күннен бастап тергеу орнынан қозғалмады. Олар күнде ертең деумен уақыт өткізіп келеді. Бірақ осы күнге дейін бізге ешкім хабарласқан жоқ", - деп мәлімдеген қайтыс болған қыздың туыстары.

Жақындарының айтуынша, қыз мектептен шыққан соң серуендеуге сұранған. Кешіге бастаған соң және бұрын мұндай жағдай болмаған соң үй іші алаңдай бастаған. Атасы оны кешкі сағат 6-да іздей бастады. Бірақ телефоны өшірулі болыпты. Туыстары бірден полицияға қоңырау шалады, ал түнгі сағат ондарға таман оларға қыздың қараусыз қалған ғимаратта қайтыс болғаны туралы хабарланған.

"БАҚ-та полицияның ақпаратын көрдік. "Кәмелетке толмағанның мәйітін тексеру барысында көзге көрінетін дене жарақаты анықталған жоқ, өлімнің себебі анықталуда" депті. Бірақ туыстары бізге мәйітханадан қыздың денесінің суретін жіберді: қолдарында ашық жарақаттар бар, әсіресе саусақтарында, шынтағы мен иығында көгерген іздер бар. Осының өзі қызға қатысты зорлық-зомбылық немесе төбелес болғанын түсіну үшін жеткілікті. Бұл жазатайым оқиға емес. Сондықтан Астана қаласының полициясы мен прокуратура қараусыз қалған ғимаратта марқұм қыздан басқа болған адамдарды анықтау үшін мұқият тергеу жүргізіп, барлық камераларды қарауы қажет", – деп жазды #Немолчикз.

#Немолчикз Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның істі бақылауға алуын талап етіп отыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева