Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай 6 миллиард теңгеге "іздеу салды", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бұл істің мән-жайын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"6 миллиард теңгеге іздеу саламын! Біз бюджеттен жол құрылысына бөлген қыруар қаржы желініп кетті. Республикалық деңгейде жүріп жатқан алаяқтық схемалар тоқтатылмаса, мемлекет қазынасы әлі талай шығынға ұшырайын деп тұр. Біз, депутаттар, Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарында салынуға тиіс жол құрылысы жобаларына қаржы бөлдірдік. Әр тиынын есептеп, заң аясында бекіттік. Алайда бүгінгі жағдай мемлекеттің өзі алаяқтардың құрбанына айналғанын көрсетеді", - деді ол.
Мақсат Толықбайдың пікірінше, "мұндай істердің артында жоғары деңгейдегі "қамқоршылар" болуы мүмкін деген күдік бар".
"Тендерді ұтып алған ЖШС-ның есепшотына алғашқы транш ретінде түскен миллиардтар заңсыз шешіп алынған. Салдарынан жол салынбаған, ал компания әдейі банкрот деп жарияланған. Бұл - ашық түрде бюджет қаражатын талан-таражға салу. Яғни қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, иемденген", - деді ол.
Осыған байланысты депутат Бас прокурор мен ҰҚК-дан, Қаржылық мониторинг агенттігінен, Ішкі істер министрлігінен қылмыстық істі жеке бақылауға алуды, қаржы айналымын толық тексеруді, қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тартуды, тергеу созбалаңға салынуына жол берген қызметкерлерге баға беруді сұрады.
"Бұл - халықтың салығы. Әр тиыны үшін жауап болуға тиіс", - деді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова