Бұл фантастика емес: миына чип орнатылған алғашқы адам не істей алады?

Бұл фантастика емес: миына чип орнатылған алғашқы адам не істей алады?
Фото: ru.freepik.com

Американдық миллиардер және кәсіпкер, SpaceX және Tesla-ның негізін қалаушы Илон Маск алғашқы адамның миына Neuralink импланты салынғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

COVID-19-дан вакцина алу кезінде адамға чип салу жайлы түрлі қалжыңдар мен қорқынышты әңгімелер тарады. Мысалы, Билл Гейтс чиптер арқылы адамдардың қайда жүргенін бақылап отырады екен немесе чип орнату арқылы планетадағы адамдар санын азайтқысы келеді екен деген секілді әңгімелерді естіген боларсыз?!

Бірақ одан қаншалықты қорықсақ та, оны күлкіге айналдырсақ та, адамға чип орнатылды.

Бұл жайлы миллиардер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Кеше Neuralink имплантын алғашқы адам алды және ол отадан соң қалпына жақсы келіп жатыр", - деп жазды Илон Маск.

Илон Маск науқастың есімін, жасын немесе жынысын айтқан жоқ. Алайда 2023 жылы маусымда Neuralink иесі оның компаниясы тетраплегиямен (жұлынның зақымдалғанынан толық немесе жартылай қол-аяғының сал болуы) қиналатын науқасқа чип орнатуды жоспарлап жатырғанын айтты. Отаны FDA – АҚШ денсаулық сақтау агенттігінің рұқсатымен жасады.

Neuralink ғалымдары компания сайтында еріктілерді клиникалық зерттеулерге қатысуға шақырған. Илон Маск адамдарға не үшін чип салғысы келеді? Бұл ғалымдағы жаңалық па әлде адамзат үшін қауіп пе?

Илон Масктің айтуынша, Телепатия өнімі (имплантты солай атаған) телефондар немесе компьютерлерді ойлау күші арқылы бағындыруға болады. Қазір көптеген құрылғылар, мысалы, ақылды үй жүйесі телефон арқылы жұмыс істейтінін ескерсек, чипі бар адам шәйнек, шаңсорғыш немесе жарықты олар жайлы ойлап қана қоса алуы мүмкін.

Алайда қазір адамдар салыстырмалы түрде аз қозғалады, соның салдарынан да түрлі аурулар дамиды. Мұндай чип орнатылса, адам мүлдем қозғалмай қалмай ма? Бірақ миллиардердің айтуынша, мұндай чип ең алдымен қозғала алмайтын адамдарға арналған. Мысалы, жұлыны зақымдалғандықтан сал ауруына шалдыққан адамдар.

Илон Масктің ғалымдары адамға чипті алғаш болып орнатқан жоқ. 2023 жылы Precision Neuroscience компаниясы да осындай ота жасады. Алайда ол кезде имплантты ми тінінің бетіне енгізді.

Ал Neuralink ғалымдары құрылғыны миға, 2 мм-дей тереңдікке салған.

Еске салайық, Neuralink компаниясы чипті алдымен маймылдарға сынаған болатын.

Оқи отырыңыз: Ғалымдар созылмалы ауруға әкелетін кең тараған әдетті атады

А. Жапатова