Гүлжанар Нью-Йоркте IT мамандығының курсын игеріп жатыр, ал серігі сол жақта жұмыс істейді. Америкаға жас отбасы арман қуып келді. Massaget.kz тілшісі АҚШ-та жүрген қазақстандық жас анамен сұхбаттасып, Нью-Йорктегі өмір, әсіресе балаларға жасалған жағдайлар жайлы білді.
Берік Гүлжанар - Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін аяқтаған. Сәті түсіп, 2019 жылы Америкаға күйеуімен және кішкентай баласымен барып, сол жақта аз уақыт болып келеді. Кейін 2021 жылы қайтадан АҚШ-қа барып, сол жақта тұрақты тұра бастаған.
Кішкентай баламен басқа елге барған адамдарды балабақша сұрағы мазалауы мүмкін. Гүлжанар бұл жақта мемлекеттік балабақшаға баланы қабылдау қалай жүретінін айтып өтті.
"Америкада балаларды балабақшаға және мектепке қабылдау жүйесі әр штатта әртүрлі. Мысалы, Нью-Йоркте 1 және 2 жастағы балаларға арналған балабақшалар ақылы болады. Ал бала 3 және 4 жасқа келген кезде тегін оқыту бағдарламасы бар. Бұл осы Нью-Йорк штатына қарасты мемлекеттік бағдарлама. Ол жерде арнайы платформа бар, соған баланың мәліметтерін енгізіп, белгілі бір мерзімге дейін, шамамен наурыз айына дейін балаңызды өзіңіздің округ бойынша тіркеп үлгеруіңіз керек. Сол жерден 4 балабақша таңдай аласыз, таңдағаннан кейін шамамен сәуір айында "сіздің балаңыз округ бойынша мына мектепке таңдалды" деп хат келеді. "Егер келісетін болсаңыз, осы мерзімге дейін мақұлдаңыз" деп келеді. Және де кейбір балабақшаларда күту тізімі болады. "Сіз өзіңіз қалаған балабақшада мынадай орында тұрсыз, күту тізіміндесіз" деп тағы бір хабарлама келеді. Бұл жақта балабақша 1 қыркүйектен бастап 20-25 маусымға дейін жалғасады. 1 қыркүйекке дейін баланың бүкіл құжаттарын өткізу керек. Біздегідей туу туралы куәлік, медициналық справка, ата-анасының құжаттары, суреті керек болады. Мағжан сағат 8:00-ден 15:00-ге дейін ғана барады, түстен кейін бару үшін қосымша ақы төленеді, ай сайын шамамен 600 доллар", - деді ол.
Гүлжанар баласы Мағжан баратын топ аралас, яғни көпұлтты екенін айтып берді.
"Балабақшаға барып жүргеніне 2 жылдай болды. Балабақша ішінде шаралар өте көп болады. Мысалы, мерекеге байланысты, мерекеден тыс, сыныптан тыс. Хэллоуин, аналар күні, жаңа жыл, алғыс айту күні, балалар күні ауқымды тойланады. Барлық мерекеге міндетті түрде аниматорлар, сиқыршылар шақырады.
Біздің мектептің жанында ешқандай саябақ жоқ, сол себепті тек сол ауданды айналып, арбат бойымен жүріп өтеді. Басқа күндері есік алдында ойнайды. Мағжанның тобы көпұлтты, ішінде америкалық та, мексикалық та, қытай да бар.
Әр жұма сайын ата-анамен бір күн болады. Біз түскен күнге кітап оқу деп қойыпты. Біз күйеуім екеуміз Мағжанның сүйікті кітабын апарып, оны балаларға оқып бердік. Балалар тыңдап, мәз болды. Сол кітапты балабақшаға тастап кеттік", - деп бөлісті Гүлжанар.
Гүлжанар ол жақта әрбір адамда медициналық сақтандыру болу керегін және оның өте тиімді екенін айтты.
"Бұл жақта медициналық сақтандыру жүйесі барлық адамда болуы міндетті. Әйтпесе, бүкіл ем қолдану шарасы ақылы болады. Бұл жақта медициналық сақтандырудың әртүрлі түрлері болады. Мысалы, біз алған "ана мен бала" медициналық сақтандыруы басқаларына қарағанда көптеген шығындарды жабады. Мысалы, тіс емдеуге де қолдануға болады. Бұл жақта тіс емдеу ақылы және өте қымбат. Сондықтан сақтандырумен емдеткен тиімді. Қызмет тегін, медициналық дәрі-дәрмек тегін, мысалы, ингаляция жасайтын небулайзерді де тегін берді, ал Қазақстанда біз соны 50 мың теңгеге сатып алғанбыз. Осындай нәрселер таңғалдырды. Сондай-ақ медициналық сақтандырудың көмегімен сараптамалар, анализ, қандай тамаққа аллергиясы бар, қан тобы қандай екенін де анықтауға болады.
Бұл жақта екпе міндетті түрде алу керек. Екпесіз балабақшаға да, мектепке де алмайды. Мағжанда Американың стандартына сай кейбір екпелер болмады, соны барып алдық. Таңғалдырған тағы бір нәрсе - шприцтердің өте кішкентай болуы және бір күнде 3 екпені қатарынан салуы. Екпеден соң "суға түсірме" деп айтпайды, ісіп кетсе салқын компресс басуды ұсынады.
Бір рет Мағжан маңдайын соғып алды да, ол қатты ісіп кетті. Сол кезде мен оны ауруханаға апарғанмын. Менен құжатың қайда, кімсің, қай жерде тұрасың, медициналық сақтандыруың бар ма деген секілді ештеңе сұраған жоқ. Бірінші кезекте жылап жатқан баланы алдарқатып ойнатып, басын тексеріп, анализ алып, басын медициналық қондырғыға түсірді. Ем жазып бергеннен кейін ғана анасы тынышталыңыз, бәрі жақсы деген соң ғана құжаттарыңды сұрайды. Айтайын дегенім, бізде Қазақстанда басқаша: ауырып барсаң немесе қызуың көтеріліп тұрса, бірінші құжат толтырасың, көп сұраққа жауап бересің, содан кейін ғана сені қарайды", - деп бөлісті ол.
Жас ана Нью-Йоркте бала мен ата-ана қарым-қатынасына ерекше мән берілетіні қуантатынын айтты.
"Бұл жақта ата-аналармен қарым-қатынас жақсы орнатылған. Әр апта сайын семинарлар өткізіледі. Мысалы, "бізге келген балаңыз сіздің тұңғышыңыз шығар, сізде тәжірибе жоқ шығар, біз сізге көмектесе аламыз" деп кеңестерін ұсынады. Мысалы, бала түнде дұрыс ұйықтай алмаса, ұйқысы шала болса және дұрыс тамақ ішпейтін болса, ата-аналарға нұсқаулықтар көрсетіледі.
Бастапқыда топтағы балалардың ата-анасымен жалпы жиналыс болады, кейін әр баланың ата-анасымен жеке-жеке жиналыс жасайды. Ол жерде мысалы, "сіздің балаңыздың мына әріпке тілі келмейді, соған логопед алдыруға қалай қарайсыз, сіздің балаңыз банан жей алмайды екен, соны қандай жеміспен ауыстырсақ болады" деген секілді әр бала туралы жеке ақылдасады.
Баланы қауіп-қатерден, қатыгездіктен қорғау жолға қойылған. Мысалы, ата-ана баласын ұрып жіберсе, соның себебінен бала ертеңгісін мектепке көңілі түсіп барса, "ата-анаң ұра ма, іні-қарындастарыңды ұра ма, неге көңіл күйің жоқ, біз сенің досыңбыз, бізге айтсаң болады немесе 911 звандап айтсаң болады" деп мұғалім баламен жеке сөйлеседі екен. Бұл қысым көретін балаларды қорғау үшін жасалған шара. Олар тіпті ата-ананы құқығынан айырып тастай алады.", - дейді Гүлжанар.
Гүлжанар шетелдің артықшылықтарын атап қана қоймай, өзіне ұнамайтын тұстарымен де бөлісті.
"Бұл жақта әр бала төсек орнын өзі алып келу керек. Және олар сол жерде аяқ киіммен ұйықтайды, сонысы ұнамайды, бірақ енді ол апатты жағдай болған кезде балалардың әрқайсысының аяқ киімін кигізіп жүрмес үшін, тек көтеріп алып кетуге ыңғайлы болу үшін әдейі солай дайындаған. Бір қызығы, бұл жақта ортопедиялық аяқ киімдер болмайды, сол үшін біз көбіне Қазақстаннан алдыртамыз.
Қазақстанда балаға билет алған кезде әдетте ересек билетінің жарты бағасына алуға болады. Ал бұл жақта балаға да ересектерге секілді бір билет құны жүреді.
Балаларды ойнатып, жақын маңда шай ішіп отыратын жерлер өте аз. Бұл жақта бұл индустрия көп дамымаған. Жалпы балаларды ойнататын жерлер аз", - деп салыстырды ол.
Қазақстандық жас ана Мағжан қазақша толық түсінетінін және ағылшынша өте жақсы сөйлейтінін айтты.
"Мағжан балабақшаға келген кезде 3 жастан асқан болатын және қазақша сөздер айтатын. Бірақ ол кішкентай болғанда біздің Америкаға бір келіп кеткеніміз бар және ағылшынша мультфильмдер көп көретін, соның әсері болды ма екен, ол Қазақстанда жүргеннің өзінде "рақмет", "кешіріңіз", "ана", "әке" деген сөздерді ағылшынша айтып жүретін. Кейін мына жаққа қайтып келіп, балабақшаға барып бастаған кезінде тілі ағылшынша шыға бастады. Үйде күйеуім екеуіміз таза қазақша сөйлейміз. Қазір қазақша түсінеді, бірақ қазақша сұрасаң, ағылшынша жауап береді. Кейбір ағылшын тіліндегі сөздердің қазақшасы қандай десең, бірден айтып бере алады. Бірақ автоматты түрде ағылшынша сөйлеп кетеді", - дейді ол.
Гүлжанардан "Қазақстанға қайтқыңыз келе ме" деп те сұрадық.
"Осы жақта жүрген соң осы мемлекеттің бар мүмкіндігін оңынан пайдаланып қалғымыз келеді. Беретін мүмкіндіктері көп және оларды тез ала аласың. Соған қарағанда әзір осы жақта біраз болатын сияқтымыз", - деп жауап берді ол.
Гүлжанар баласының ұлттық тағамдарды өте қатты жақсы көретінін, соның ішінде күнде бауырсақ пісіріп беруін сұрайтынын айтып, қызықты әңгімесін аяқтады.