“Бұл не деген бассыздық?“ Депутат руға бөлінуді насихаттайтын фильмді сынады

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Ол руға бөліну қоғамда күшейіп бара жатқанын айтып, мұны насихаттайтын трендтерті қауіп ретінде бағалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауалда жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлердің ру атауын күнделікті тұтынатын өнімдерге (футболка, шапан және т.б.) жазып, оны "бренд", "маркетингтік өнім" ретінде сатуы сынға алынады. Депутат мұндай әрекеттердің жастар арасында рушылдық психологияны күшейтіп, ұлттық тұтастыққа сызат түсіруі мүмкін екенін атап өтеді.

"Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті. Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді", - дейді ол. 

Ерлан Саиров қоғамдағы рушылдықты күшейтетін идеологиялық өнімдерге тосқауыл қою үшін бірқатар қадам ұсынады:

  • Кинопрокатқа шығатын отандық фильмдерді алдын ала сараптайтын тұрақты комиссия құру, көркемдік-эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан бағалайтын тетік қажет екенін айтады.
  • "Ұлттық код", "мәдени ерекшелік" ұғымдарын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге бағытталған әрекеттерге нақты тосқауыл қою, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын контентке жүйелі түрде шектеу енгізуді ұсынады.
  • Бірлікті нығайтатын жалпыұлттық контентті көбейту, мәдениетте және әлеуметтік желілерде Қазақстан халқының тұтастығын айқындайтын, "Біз Қазақпыз" мағынасына жақын контентті арттыру қажет екенін жеткізеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!