Шерзат Полаттың ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында үшінші куәгер Юлдаш Розбакиев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгердің айтуынша, сол түні ол достарымен Талғар қаласындағы әкімдік маңында отырған.
"Біз достарымызбен Талғар қаласының әкімдігінің жанында отырған едік. Мен Қазыкенов Арланға қоңырау шалдым, ол келді. Біз сөйлесіп тұрған кезде досым Даниярдың анасы қоңырау шалып, "Талғарда төбелес болды, сендер қайдасыңдар?" деп сұрады. Ол бізге бармаңдар деп ескерткен еді. Соған қарамастан, біз үш көлікпен сол жаққа бардық. Барсақ, екі адам жерде жатыр екен, айналасында жиырма шақты көрші жиналып тұрды",– деді куәгер.
Прокурор оқиға орнындағы жағдайды сұрағанда, Юлдаш Розбакиев:
"Олар арқаларымен жатты, аяқтары жинаулы еді. Сол кезде олар тірі болатын. Біз аса қауіпті ештеңе байқамадық", – деп жауап берді.
Кейін оқиға орнында тағы бір ерекше жағдай болғанын айтты.
"Кейін сұр түсті "Соната" көлігі келді де, алдымен шеткері жатқан бір адамды, сосын ішпен жатқан екінші адамды көлікке салып алып кетті. Бір әйел жасыл түсті гильзаларды және қызғылт түсті кепканы жинап алып, кетіп қалды. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келді. Сол жерде тұрған көршілер қара түсті "Мерседес" көлігін көргендерін айтты", – деді ол.
Осыдан кейін оқиға барысы жылдам дамыған. Куәгердің сөзінше:
"Қазыкенов Арлан Ілияс Нұрқиясқа қоңырау шалып, ауылға баруды ұсынды. Мен Арланның көлігіне отырдым, біз ауыл жаққа қарай жоғары өрледік. Арлан Ілиясты алып кетеміз деді. Барғанымызда алты-жеті адам тұрды. Онда "Гольф" пен қара түсті "Мерседес" көліктері болды. Біз амандастық. Ілияс Нұрқияс "көлікте күтіңдер" деді. Бес минуттан соң Ілияс Нұрқияс, Шынасыл Абзал және бейтаныс бір қыз келіп отырды", – деді Юлдаш Розбакиев.
Сотта ол көліктердің қозғалысын да сипаттады.
"Біз төменге қарай жүрдік, артымыздан "Мерседес" ілесіп келе жатты. Бірақ бір мезетте ол көрінбей қалды. Сол кезде Ілияс Нұрқияс "бұрылыңдар, көлікке барайық" деді. Біз тоқтаған кезде олар көліктен түсіп, қыздардың ауысқанын көрдік. "Мерседес" көлігі де тоқтады. Сол кезде полиция келді", – деді куәгер.
Прокурор тарапынан қойылған сұраққа жауап бере отырып, Розбакиев оқиға орнындағы жағдайды былай деп түсіндірді:
"Тау жаққа келгенде олар мас күйде сөйлесіп тұрды. Ешқандай қару байқамадым", – деді ол.
Автокөлікте не айтылғаны туралы сұраққа куәгер: "Мен олардың әңгімесіне құлақ салмадым. Алдыңғы орындықта отырдым, музыка ойнап тұрды", – деп жауап берді.
Соңында прокурор оқиғаға қатысы туралы сұрады. Осы кезде Юлдаш Розбакиев: "Мен олардың оқиғаға қатысы бар екенін басында білген жоқпын. Бірақ "Мерседес" көлігінің жанына келгенде түсіндім. Көлік ішінде Абзал "ешкімге ештеңе айтпаңдар, бұл біздің тема" деді. Осы сөзден кейін бәрі белгілі болды", – деді. Сот отырысы әлі де жалғасып жатыр.
Бұған дейін оқиға түні сотталушылармен болған Эльмира Нұрбекова мен Жақсыгелді Дана өз шындықтарын айтты.
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет