Талғар қаласының қасындағы ауыл тұрғыны 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бала-шағамды асыраймын деп отырған адамды бір бөтелке сыра үшін баланы өлтіру дұрыс емес. Бұл бір күнде болған нәрсе емес. Олар (күдіктілер) ондайды үнемі ұйымдастырып жүрген адамдар. Қаладағы бұзақы жігіттер. Әр ауылда бар жағдай", – дейді Ғалия есімді тұрғын.
Тұрғын жастарға саналы түрде тәрбие беру керегін айтады.
"Әр ата-ана өз баласын қарап, тәрбиелеуі керек. Баласы түн ортасында қайда жүргенін қадағалау керек. Ол жерде төбелескен кішкентай балалар емес, үлкен жігіттер", – дейді жергілікті тұрғын.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған. Бір жігіт дүкенге келіп, сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.
Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық прокуратура өкілдері бұл оқиға жіті бақылауда екенін хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!