Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде 2029 жылға дейін қандай маңызды міндет жүктегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет - бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы жарлыққа қол қойдым. Енді инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді", - деді Мемлекет басшысы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз