- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- аутизмнің өршуі
“Бұл - биліктің міндеті“. Қазақстандық журналист көптің көкейіндегі ұсынысты айтты
Журналист Гүлбану Әниятқызы әлеуметтік желідегі парақшасында елімізде аутизмге шалдыққан балалардың көбейіп бара жатқанын жазып, мемлекет аналарға бағыт-бағдар беретін орталық ашу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман қазір аутизммен ауыратын баласы бар аналар Ташкентке барып емделетінін айтты.
"Қазір аутизммен ауыратын балалар көбейіп барады. Көп аналар науқас баласын Ташкенттегі клиникаларға емдетуге апарып жүр. Бізде ерекше балаға диагноз қойылған күннен жалғыз қаласың. Балаңды үйде қамап ұстайсың ба, ақылы орталыққа апарасың ба, Ташкенге сүйрейсің бе, өзің білесің. Ерекше аналардың көбі ғажайыпты іздейді. Соңғы тиынын берсе де, жарнамасы жер жарған маманға апаруға тырысады. "Ойбай, Ташкенде арзан екен, бір ай укол алып, баласы сөйлеп кетіпті" дегенді естіп алады да, сол жаққа тартады. Баласынан ештеңені аямайтынын білген кей қулардың мұны бизнеске айналдырып алғаны бөлек әңгіме", - дейді ол.
Гүлбану Әниятқызы елімізде аутизмге шалдыққан баласы бар ата-аналарға бағыт-бағдар беретін орталықтар жоқ екенін айтты.
"Баласын сүйреп жүрген аналарды мүлдем сөкпеймін. Себебі олар не істерін білмейді. Сондықтан мұндай отбасылар шарлатанға ақшасын беріп, уақытын жоғалтпас үшін мемлекет бағыт-бағдар беретін орталық ашу керек. Әр балаға диагнозына қарай жеке бағдарлама жасалуы тиіс. Сен мына маманға, мына орталыққа апар деп жол көрсетсін. Реабилитация, коррекциялық орталықтарға айлап, жылдап кезек күтпеуі тиіс. Ерекше баланың анасын торығу жайлайды. Онсыз да итшілеген өмірден шаршап жүрген жан түнімен ұйықтамайтын, айтқаныңды ұқпайтын баламен алысып, жынды болады. Мемлекет осындай отбасыларды алға жетелеп, үміттендіруді тездетіп қолға алуы тиіс. Бұл - биліктің міндеті деп ойлаймын", - деп жазды журналист.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық балалар арасында ең жиі тараған ауру түрлерін жазған болатынбыз. Солардың бірі - аутизм. Қазақстанда соңғы үш жылда аутизм диагнозымен ауыратын балалардың саны жыл санап артып келеді. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы - 1204, 2022 жылы - 1626, 2023 жылы - 2 260 бала аутизмге шалдыққан.
Оқи отырыңыз: Балалардағы аутизмнің алғашқы белгілері
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова