“Бұл басы ғана“. Тоқаев Қазақстанның цифрлық болашағы туралы айтты

“Бұл басы ғана“. Тоқаев Қазақстанның цифрлық болашағы туралы айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.  

Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.  

"Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электрон үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Былтырғы жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам.

"Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл барлық үдерістің басы ғана", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден аса дарынды оқушы қатысып жатыр. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget