“Бұл ақша ма?“ Жетісу облысында көлігін сатқан тұрғын ерекше жағдайға тап болды

“Бұл ақша ма?“ Жетісу облысында көлігін сатқан тұрғын ерекше жағдайға тап болды
Фото: polisia.kz

Жетісу облысы Үшарал қаласында 11 қаңтар күні ірі көлемдегі ақшаны ұрлау дерегі тіркелді. Көлігін 11 миллион теңгеге сатқан жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбанына айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адам сауда аяқталған соң қаражатты пакетке салып, Mercedes автокөлігінің жүксалғышына қойған. Сол күні кешке танысымен кездесіп, мейрамханаға барып, уақытын сонда өткізеді.

Мейрамханадан шыққан кезде жүксалғышты ашып, ақшаны тексермек болады. Осы сәтте бірнеше купюра жерге түсіп кетіп, жақын маңда тұрған жастардың назарын аудартқан. Олардың бірі "Бұл ақша ма?" деп сұрағанда, ер адам еш күмәнданбастан "Иә" деп жауап берген.

Сол кезде екінші жас жігіт такси таба алмай тұрғанын айтып, "Өркен" мейрамханасына дейін жеткізіп салуын өтінген. Ер адам жамандық ойламай, оларды көлігіне отырғызады.

Жолда көлік патрульдік полиция қызметкерлері жүргізіп жатқан рейд барысында тоқтатылады. Ер адам полицейлерге шығып, жолаушылардың бірі де көліктен түседі. Тексеру шамамен 10 минутқа созылған. Алайда көлікке оралғанда, екінші жолаушының жоғалып кеткенін және жүксалғыштағы ақшасы бар пакеттің орнында жоқ екенін байқайды.

Зардап шегуші бірден Алакөл аудандық полиция бөліміне арызданған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарға ірі көлемдегі қаражатпен мұқият болуды, бөгде адамдарға сенбеуді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лес