Бүкіл бортты аман алып қалған. Ұтқыр шешімімен тарихта қалған ұшқыштар

Ақтау маңында құлаған ұшақ пилотының әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік ұшқыштың бірнеше сағат бойы қауіпсіз жерге қонуға тырысқанын және әуеде түрлі маршрут жасап, барынша борт мүшелерін аман алып қалуға ниеттенгенін болжап отыр. Тарихта осыған ұқсас төтенше жағдайда ерлік көрсетіп, ұшақтағылардың өмірін сақтап қалған қандай пилоттар бар? Massaget.kz тілшісінің материалында. 

Апатты ұшақты суға қондырған Салленбергер

2009 жылдың 15 қаңтарында әлем авиация тарихындағы ең ерекше оқиғалардың бірі болды. "US Airways" компаниясының 1549 рейсі Airbus A320 ұшағымен Нью-Йорк әуежайынан Шарлотта қаласына ұшып шықты. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше минут ішінде құстармен соқтығысып, екі қозғалтқышы да істен шықты. Бұл жағдай пилот Чесли "Салли" Салленбергер мен оның екінші пилоты Джеффри Скайлздың батыл әрі кәсіби шешімдерін талап етті.

суретте Чесли "Салли" Салленбергер және Джеффри Скайлз

Чесли Салленбергер ұшақты жақын маңдағы әуежайларға қондыру мүмкіндігін қарастырды. Алайда уақыттың аздығын және қозғалтқыштардың жарамсыздығын ескере отырып, ол ұшақты Нью-Йорктың ортасындағы Гудзон өзеніне қондыру туралы шешім қабылдады.

Ұшақтың судың бетіне дұрыс қонуы үшін Салленбергер ерекше шеберлік көрсетті. Ол жылдамдықты және қону бұрышын дәл есептеп, үлкен жолаушылар ұшағын Гудзон өзеніне жұмсақ түсірді. Гудзон өзенінде орналасқан қайықтар мен жергілікті билік өкілдері тез арада жолаушыларды эвакуациялап, олардың барлығын қауіпсіз жерге жеткізді. Ұшақ бортында болған 155 адамның барлығы аман қалды.

Кейіннен бұл оқиға "Гудзондағы ғажайып" деп аталып, фильм ретінде таспаланды. 

306 адамның өмірін аман алып қалған Роберт Пич

2001 жылы Air Transat Airbus A330 ұшағы Торонто-Лиссабон бағыты бойынша TSC236 жоспарлы рейсін орындады. Бортта 293 жолаушы мен 13 экипаж мүшесі болған. Атлант мұхитының үстінен көтеріліп, 5 сағат 34 минуттан кейін кенеттен оның авиакероны таусылып, бір қозғалтқышы істен шықты. Командир Роберт Пич төтенше жағдай жариялап, басқару орталығына маршруттан шығып, Азор аралындағы ең жақын әуежайға қонуға ниетті екенін хабарлады. Алайда жағдай ушығып, 10 минуттан кейін екінші қозғалтқыш та істен шықты.

сурет: gettyimages.com

Пич пен оның бірінші офицері Дирк Де Джагер 20 000 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар ұшқыштар болды. Қозғалтқыштары жұмыс істемей тұрғанда, олар қажетті биіктікке түсу үшін Лажес авиабазасында бірнеше айналым жасап, бір толық шеңбер жасап, шамамен 75 миль әуеде ұшты. Шұғыл шешім қабылдаған Робер Пич Азор аралдарына төтенше жағдайда қонып, борттағы барлық 293 жолаушы мен 13 экипаждың өмірін сақтап қалды.

Жанармайсыз ұшқан Гимли Глайдер оқиғасы

1983 жылы 23 шілдеде Канадада Монреаль-Оттава-Эдмонтон бағыты бойынша AC143 жоспарлы рейсін орындады. Бортта 61 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі болған. 

Ұшақ жарты жолға жетіп, диспетчерден 12500 метр биіктікке көтерілуге ​​рұқсат сұрады. 1983 жылы мұндай биіктікке көп ұшақтар жете алмайтын. Осы кезде кабинада қозғалтқыштарды отынмен қамтамасыз ететін жанармай сорғыларындағы ақауларды көрсететін ескерту сигналдары бірінен соң бірі қосыла бастады. Ұшақты басқарған Роберт Пирсон мен екінші ұшқыш Морис Квантал ұшақтың жанармайы таусылғанын ұқты. Екі қозғалтқыш та жұмысын тоқтатып, ұшақ толықтай планерге айналды.

Капитан Роберт Пирсон мен оның көмекшісі шұғыл түрде қонуға жарамды жер іздеуді бастады.
Олар Гимлидегі Манитоба аймағында орналасқан, пайдаланылмайтын әскери әуежайды таңдады. Ол аймақ автотрасса ретінде қолданылатын. Қозғалтқышсыз ұшқан ұшақты басқарған Роберт Пирсон аэродинамикалық қасиеттерді пайдаланып, биіктік пен жылдамдықты дәл есептеп, баяу қонуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде ұшақ Гимлидің ұшу-қону жолағына сәтті қонды. Борттағы 69 адамның барлығы аман қалды, ауыр жарақат алғандар болмады.

Ту-124 ұшағының Нева өзеніне қонуы 

1963 жылдың 21 тамызында Ту-124 ұшағы Таллиннен Мәскеуге бағыт алған рейс кезінде Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) Неваның бетіне апаттық қону жасады. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін оның алдыңғы шассиі жабылмай қалып, техникалық ақау пайда болды. Ұшақ бірнеше сағат бойы әуежайда шеңбер жасап ұшып, отын таусыла бастаған кезде, басқа қону әдісін қарастыруға тура келді.

суретте: КСРО-45021 ТУ-124 экипаж мүшелері

Капитан Виктор Мостовой мен екінші пилот Василий Чернышев ұшақты Неваның бетіне қондыру туралы шешім қабылдады. Ұшақ өзеннің бетіне өте шеберлікпен қонды. Ешбір адам ауыр жарақат алған жоқ. Бортта барлығы 52 адам болды және бәрі аман қалды. Ұшақ Неваның бетіне жақын жердегі көпірдің алдында тоқтады. 

Айта кетейік, кеше 25 желтоқсан күні Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!