Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасының қорытындысында жұмыс тобының талқылауы шеңберінде депутаттардан бірқатар ұсыныс пен ескертудің түскені айтылған. Оның арасында шараны өткізу орнына көрермендердің өздерін ұстау ережелерін орналастыру міндетін ұйымдастырушыларға жүктеу туралы ұсыныс бар.
"Шараларға ішімдік өнімдерін, металл заттар мен шыны ыдыстарды әкелуге тыйым салу ұсынылды. Сахнаға, аренаға, спорт алаңдарына, сонымен қатар, көрермендер отырған жерлерлің барлығына адам өміріне және денсаулығына қауіп төндіретін заттарды лақтыруға тыйым салу туралы түзетулер енгізілді. (...) Спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық шараларын өткізу орны деген ұғымға ипподромдар мен цирктерді сыйдыру ұйғарылды", — деді депутат Мұхтар Тінікеев.
Сонымен қатар, бұқаралық шараларды ұйымдастырушыларға жергілікті атқарушы органдарға көрермендердің саны мен көлік тұрағындағы орын мен сатылған билеттердің саны туралы ақпараттарды уақытында беру міндеті жүктелді.
Дереккөз: tengrinews