Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұл қазір оқушылар мен қыздар да насыбай ата бастағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депуттаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдады.
"Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылып жатыр. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. "Жевательный табак", "Снюс", "Шайба" деген атаулармен таралуда", - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат зиянды затты оқушылар мен қыздар да тұтына бастағанын атап өтті.
"Насыбай - не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазір мұнымен жастар, тіпті қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артып жатыр. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?! Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен", - деді ол.
Жарқынбек Амантайұлы насыбайдың құрамында қандай улы заттар бары белгісіз екенін, бұл зат сонысымен қауіпті екенін жеткізді.
"Оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады. Бұдан бөлек, насыбайды мұқият зерттеген мамандар оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Сондай-ақ, Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған", - деді депутат.
Ол бұл зиянды әдет ауруға шалдықтыратынын айтты.
"Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет", - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Оның айтуынша, Қазақстанда насыбайға заң жүзінде шектеу қойылған, алайда талап тиісті деңгейде орындалмай отыр.
"Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 АЕК (18 460 теңге, 1 АЕК - 3 692 теңге) айыппұл салынады, ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері - 20 АЕК (73 840 теңге) қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр. Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауға тиіс. Бесіктен белі шықпаған жас буынды лас әдеттен қорғайық!" - деп сөзін түйіндеді депутат.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!