Бүгін Қазақстанда педагогтардың кәсіби мерекесі - мұғалімдер күні. Қазақстанда алғаш рет мұғалімдер күні мерекесі нақты 5 қазанға бекітілді. Осы уақытқа дейін мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Мұғалімдер күні - білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.
Ұстаздық — мамандық атаулының төресі. Ұстаз шәкіртіне білім мен ғылым нәрін сусындатып қана қоймайды, сонымен бірге, рухани байлыққа жетелейді. Massaget.kz порталы барша мұғалімді келе жатқан мерекелерімен құттықтай отырып, ұлы тұлғалардың ұстаздар туралы айтқан қанатты сөздерін ұсынады.
Ақырын жүріп,анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға. (Абай Құнанбайұлы)
Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді. (Адольф Дистервег)
Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек. (В. Маяковский)
Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі. (Ы.Алтынсарин)
Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады. (Абай Құнанбайұлы)
Мұғалім - зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті. (К.Д.Ушинский)
Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым. (Александр Македонский)
Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. (Әл-Фараби)
Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады. (Абай Құнанбайұлы)
Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім. (Ғабит Мүсірепов)
Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін. (Серке Қожамқұлов)
Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз.(К.Д.Ушинский)
Шәкірті жоқ ұстаз – мылқау ұстаз. (Ыбырай Жақаев)
Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз. (Л.Н.Толстой)
Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. (Ахмет Байтұрсынов)
Ұстаз – ұлы есім (М.Әуезов)
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді.
Ұлы мұғалім шабыттандырады. (Уильям Уорд)
Мұғалім деген ат - қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім. (Сәбит Мұқанов)
Ұстазы жақсының ұстамы жақсы (Халық даналығы)
Оқи отырыңыз: Экс-министр Асхат Аймағамбетов жақсы мұғалім қандай болу керегін айтты