- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бүгін Қазақстанда Еңбек...
Бүгін Қазақстанда Еңбек күні атап өтіледі
Қазақстандағы Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде еңбек етудің маңыздылығын және ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің үлесін атап өту үшін тойланады. Биыл қазақстандықтар Еңбек күнін 29 қыркүйекте атап өтеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мерекеге орай еліміздің барлық кәсіпорындары мен ұйымдарында мерекелік іс-шаралар, шығармашылық және спорттық сайыстар өтеді. Мұның барлығы ұжымның бірлігіне, корпоративтік рухты нығайта түсуге бағытталған.
Неліктен бұл күн маңызды?
Біздің еліміздегі Еңбек күні Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2013 жылдың қараша айында бекітілді. Бұл күнді атап өтудің мақсаты – барлық мамандықтарға деген құрмет көрсету және кез келген еңбектің маңыздылығын атап өту.
Іс-шаралар аясында еңбек ардагерлеріне "Еңбек ардагері" медальдары табыс етіледі. Бұл медальмен еңбек жолында жоғары жетістіктерге қол жеткізген, түрлі салалардың алдыңғы қатарлы жұмысшылары марапатталады.
Еңбек күнін тау-кен металлургия кешені, теміржол көлігі, көмір өнеркәсібі, мұнай-газ кешені, машина жасау, білім, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және ТКШ, энергетика, банк мекемелерінің жұмысшылары атап өтеді.
2024 жылы қанша қазақстандық жұмыс істейді?
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2024 жылы ауыл шаруашылығынан бастап жоғары технологияларға дейінгі салаларда 9,2 миллион адам жұмыс істейді. Оның ішінде 7 миллион адам жалдауда (экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2 пайызы), 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
2023 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда біздің елімізде жалпы жұмыспен қамту 134,6 мың адамға өсті.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,8 пайыз), білім беру (13,1 пайыз), өнеркәсіп (12,3 пайыз) және ауыл шаруашылығы (11,1 пайыз) салаларында байқалады.
Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды құрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова