АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға "ауыр соққы" жасалуы мүмкін екенін айтып, қоқан-лоқы көрсетті. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Трамптың сөзінше, қазір "жеңіліске ұшырап жатқан" Иран Таяу Шығыстағы көршілерінен кешірім сұрап, бұдан былай оларға оқ атпайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұған АҚШ пен Израильдің толассыз шабуылдары себеп болған.
"Бұл - Иранның мыңдаған жыл ішінде Таяу Шығыстағы көрші елдерден алғаш рет жеңілуі. Олар: "Рақмет, президент Трамп", - деді. Мен: "Оқасы жоқ!" - деп жауап бердім", - деп жазды АҚШ президенті.
Трамптың сөзінше, Иран тізе бүкпейінше немесе толық күйремейінше мұндай күйде қала береді.
"Бүгін Иранға ауыр соққы жасалады. Иранның теріс әрекеттеріне байланысты осы уақытқа дейін нысана ретінде қарастырылмаған аумақтар мен адамдар топтарын толық жою және олардың сөзсіз қаза табуы мәселесі қазір қарастырылып жатыр", - деп қоқан-лоқы жасады ол.
Бұған дейін Трамп Иранға қатаң талаптар қойған болатын. Атап айтқанда, ол Иранмен қандай да бір келісім тек оның "сөзсіз тізе бүгуі" жағдайында ғана мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Иранның келесі басшысын таңдауға жеке қатысуы керек екенін айтқан.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz