- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бүгін Халықаралық КТК...
Бүгін Халықаралық КТК күні
Әзілің жарасса, атаңмен ойна. Орынды әзілдей алу үшін де адамға ұшқыр ой, білім керек. Бүгін әзілкештердің төл мерекесі. Көңілді тапқырлар клубының ойыны ең алғаш рет 1961 жылдың 8 қарашасы күні телевизияға жол тартты. Дәл осы күн КТК ойындарының туған күні деп тойланып келеді. Мерекені тойлауды бүгінгі Халықаралық КТК ойындарының президенті Александр Масляков ұсынды.
КТК ойындарының ең алғашқы жүргізушісі – Элем Климов. Бұл кісіден кейін сахнаның сол жақ бұрышына Александр Белявский, Наталья Фатеева жайғасты. КТК тарихында Альберт Аксельрод пен Светлана Жильцова сынды жүргізушілер алғаш рет дуэт болып жүргізді. 1964 жылы Аксельродтың орнына Александр Масляков келді. Осы кезеңнен бастап ол клубтың басшысы және жүргізушісі ретінде өз жұмысын бастап кетті.
1971-1986 жылдар аралығында КТК ойындары эфирден алынып тасталды. Оның себебі, клуб басшылығы КСРО Орталық телевизия басшылығымен келіспей, нәтижесінде бағдарлама жабылып қалды.
Қазақстанға бұл сала кейінірек келді. Дегенмен бүгінде толықтай жанданып, ТМД елдерінің арасында үздіктер қатарынан табылып жүр. Халықаралық байқауға Қазақстан ең алғаш рет 2000 жылы қатысты. «Казахи» атауымен құрылған топ 2012 жылға дейін Мәскеуде өнер көрсетіп, бірнеше мәрде жүлделі орынға иелік етті. Алайда, чемпиондық атаққа қол жеткізе алмады. 2017 жылы Астана қаласында тұңғыш рет КТК-ның ардагер, чемпион командаларының қатысуымен Халықаралық Жазғы кубок ойыны өтті. Осы жарыста «Казахи» командасы чемпион атанды. Бұл жеңісті жолды жыл соңында Астананың «Спарта» командасы жалғап, ТМД елдерінің арасында чемпион атанды. Бұл Қазақстанның Халықаралық КТК ойындарына қатысқан 17 жылдың ішіндегі ең алғашқы жеңісі еді.
Қорытындылап айтсақ, 2017 жыл әзіл саласындағы қазақстандық командалар үшін сәтті өтті. Астарлы әзіл мен қағылтпа қалжыңның авторларын төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
А. Қажиев