- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бүгін Денис Тен...
Бүгін Денис Тен тірі болғанда 30 жасқа толар еді
Бүгін тірі болғанда қазақ спортының жарқын бейнесі, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 30 жасқа толар еді. Ол 25 жасында көлік ұрыларының құрбаны болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшы 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Ол 1999 жылдан бастап мәнерлеп сырғанауға ден қойған. Жасөспірімдер арасындағы гран-при кезеңінде (2008) жеңіске жеткен. Ал он алты жасында 2010 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан қатысып, ерлер біріншілігінде ең жас қатысушы атанды.
"Бір баласы спортшы, екінші баласы ақылды отбасында дүниеге келдім. Айтпақшы, спортпен 20 жылдан бері айналысамын", - деген еді жазбаларының бірінде.
Денис Тен - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2015 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, VII қысқы Азия ойындарының чемпионы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Денис Тен 2018 жылғы 19 шілдеде Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелері қиылысында көлік ұрыларымен қақтығыс кезінде қайтыс болды. 21 шілдеде Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Кейінірек Денис Теннің көлігіндегі айналарды Арман Құдайбергенов шешіп алғаны белгілі болды. Оның сыбайласы Жанар Тойлыбаева осы уақытта көліктен жеті метр қашықта тұрған. Алайда ол жанынан өткен Денис Тенді байқамаған. Конькимен сырғанаушы көлігінің маңындағы бейтаныс адамдарды көріп, оларға кедергі жасауға тырысқан. Осылайша, Арман Құдайбергенов пен Денис Тен арасында төбелес басталған. Осы кезде Нұралы Қиясов артынан келіп, Денис Тенге екі рет пышақ сұғып алған. Жарақат өлімге әкеп соққан. Міне, осылай қазақ спорты тарихындағы жарқын бейне келмеске кетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова