- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бүгін бір жыл....
Бүгін бір жыл. Украинадағы соғыс немен аяқталуы мүмкін?
Былтыр дәл осы күні Ресей Украина жеріне басып кірген еді. Бір жыл ішінде әлем елдері Украинаға қаржылық, гуманитарлық, әскери жағынан көмектесті. Алайда қаза тапқандар саны да аз емес. Мұның арты немен аяқталуы мүмкін? Massaget.kz тілшісі саясаттанушы Асхат Қасенғалимен сұхбаттасты.
Украина президенті Владимир Зеленский ВВС-ге берген сұхбатында Украина Қырымды қайтарып алғанға дейін бүкіл планета үшін толық бейбітшілік орнамайтынын мәлімдеді. Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, соғысқа бірнеше фактор әсер етеді. Тиісінше, оның қалай аяқталатыны, қашан аяқталатыны да сондай факторларға байланысты.
"Міне, соғысқа бір жыл болды. Көпшілік соғыс қашан бітетіні, қандай сценариймен бітетіні туралы сұрақ қояды. Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі болжаммен алып қарағанның өзінде соғыстың қай уақытта, қандай сценариймен бітетінін тіс қаққан әлемдік сарапшылар да дөп басып айта алмайды. Сондықтан бірқатар факторға сүйеніп қана алдағы уақытта оқиғалар қандай тізбек өрбитіні туралы кішігірім болжам жасауға болады", - дейді ол.
Саясаттанушы атаған факторлар қандай?
Соғысқа әсер ететін негізгі факторларға экономикалық, әскери ресурс жатады.
"Біріншіден, Украина соғысы қазір ресурстардың соғысына айналып кетті десек болады. Ресурстардың соғысы деген не? Бұл - екі соғысушы тараптың қайсының қаржысы көбірек, қайсының қаржысы бірінші азаяды деген сөз. Ал қаржы азайған кезде мемлекеттің ішіндегі әлеуметтік мәселелер де ушығады. Украинаның қоры тезірек азая ма, Ресейдің қоры тезірек азая ма? Украинаның қоры дегеніміз - батыс елдерінің қолдауы. Батыс Украинаны қаншалық қолдайды, соншалық бұл текетіресте ұзаққа шыдайды. Сондықтан экономикалық тұрғыда ресурстардың соғысы басталды және әскери тұрғыда да ресурстардың сарқылуына байланысты текетірес жүріп жатыр", - дейді ол.
Саясаттанушының сөзінше, Ресейдің санкцияларға ұшырауы бұл елдің әскери қорына тікелей әсер етіп отыр.
"Ресей әскери техникасының басым көпшілігін ұрыс алаңында жоғалтты, жаңа техниканы өндіруге талпынып жатыр. Бірақ бұл Ресейге қиынға соғып жатыр, себебі Ресей санкцияға ұшыраған және жаңа техниканы, әсіресе әскери техниканы жасауға мүмкіндік беретін технологияларды жеткізуге әлем елдеріне тыйым салынған. Сондықтан Ресей техниканы үшінші әлем елдері саналатын елдерден, яғни Африка елдерінен, Солтүстік Корея, санкция астында жатқан Ираннан іздеп жатыр. Олар қоймаларында бар әскери техникамен қашанға дейін қолдай алады? Осыған да байланысты. Екіншіден, Украинаға байланысты. Батыс елдері Украинаға қашанға дейін әскери техника, қару-жарақ бере алады? Бұл да өте маңызды. Сондықтан екі тараптың экономикалық және әскери қоры сарқыла бастаған сәтте соғыстың қашан, қалай аяқталатыны белгілі бола бастайды", - дейді ол.
Сондай-ақ, 2024 жылы Ресей мен АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Сондықтан ұрыс даласындағы шиеленісуі де мүмкін екен.
"Бұл жерде тағы бір маңызды дүние - алда келе жатқан президент сайлауы. АҚШ-та 2024 жылы президент сайлауы, Ресейде де 2024 жылы президент сайлауы болады. Америка Украинаны барынша қолдап келе жатқан мемлекет болғандықтан, ол Украинаның ұрыс даласында нәтиже көрсеткенін қалайды. Себебі бұл - қазіргі президент Байденнің президент сайлауындағы сайлауалды бағдарламаларының бірі. Сондықтан 2023 жылы ұрыста барынша нәтижеге жету үшін көбірек қаржы және қару беруге тырысады деуге болады. Ресейде Путин де тағы бір мәрте сайлауға түседі. Сондықтан Путин де ұрыс даласында айтылған нәтижелерге қол жеткізуге тырысады. Бұл Ресей мен Украина алдағы уақытта ірі шайқастарды жүргізетінін білдіреді", - дейді сарапшы.
Саясаттанушы Асхат Қасенғали экономикалық жағынан Ресейге қатысты қандай болжам жасауға болатынын айтты.
"Экономикалық қордың таусылуына байланысты айта кететін дүние бар. Ресейге әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2 пайызы ғана тиесілі. Ал Украинаны қолдап отырған елдер, мысалы АҚШ-қа 25 пайызы тиесілі, Еуропалық қауымдастыққа 25 пайызы тиесілі. Оған Жапонияны қосыңыз. Сонда Украинаны қолдайтын экономикалық ресурсқа әлемдік жалпы ішкі өнімнің 50-55 пайызы тиесілі. Бұл - үлкен көрсеткіш. Осы тұрғыда әлемдік қауымдастық соңына дейін Украинаны қолдаса, экономикалық жағынан қоры азайып, Ресей сөзсіз жеңіліс табуы мүмкін", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова