Бүгін "Алматы" арнасындағы "Сәуле-ғұмыр" бағдарламасы 49 жасында дүниеден озған танымал тележурналист Бейсен Құранбекке арналады. Бағдарлама түсірілімі туған-туыстары, дос-жарандары мен әріптестерінің қолдауымен жүзеге асты.
Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері мен әріптес, қызметтес болған журналистерге арналған алдын ала көрсетілімі өткен.
Белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбекті еске алу құрметіне арналған "Сәуле-ғұмыр" бағдарламасы 5 желтоқсанда, сағат 23:00-де "Алматы" телеарнасынан көрсетіледі.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған.
2013-2017 жылдары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасының тізгінін ұстаған еді. 2014 жылдан бастап Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры қызметін атқарып келді.