Бүгін, 6 шілдеде Қазақстанда Астананың 27 жылдығы атап өтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана күні 1998 жылдан бері тойланып келеді. Дәл сол жылы Ақмола ресми түрде Астана болып өзгертілген. Ал бұған дейін, 1994 жылғы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан көшіру туралы шешім қабылданған еді.
Қала қарқынды дамыды. 2000-жылдардың басында мұнда шамамен 380 мың адам тұрса, 2025 жылғы 1 маусымдағы мәліметке сәйкес, халық саны 1,56 миллионнан асқан.
2022 жылдың аяғында Астанада жаңа Нұра ауданы пайда болды. Қазір қалада бес аудан бар: Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа. Жақын арада олардың саны алтыға жетпек. Алматы ауданы қайта ұйымдастырылып, оның орнына жаңа Сарайшық ауданын құру жоспарланып отыр.
Биыл Астана күні жексенбіге түскендіктен, бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады: 5, 6 және 7 шілде. Дүйсенбі, 7 шілде демалыс күні болып белгіленген.
Астанада кешке мерекеге орай ашық аспан астында Open Air концерті өтеді. Сахнаға Қазбек Кұрайыш, аңызға айналған "Дос-Мұқаса"», 6elucci тобы, Жанар Дұғаловa, Әли Оқапов, Лимба, Атилла, Аро, Жұбанаш Жексен, Назима, Илхан және Тұрар шығады.
Ал түнге қарай ботаникалық бақ маңында мерекелік отшашу болады.
Отшашу шамамен 23:00-де Open Air концерті аяқталған соң басталады, оған отандық эстрада жұлдыздары қатысады.
Айта кетейік, концерт кезінде қонақтарға жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін "Астана Арена" стадионы аумағында "Алау" мұзсарайы мен "Сарыарқа" велотрегінің маңында көлік қозғалысы шектеледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек