Бүгін Алматыда нөсер жаңбыр жауады

Бүгін Алматыда нөсер жаңбыр жауады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігі мәліметінше, нөсер жаңбыр салдарынан су баспау үшін 465 арнайы техника мен 820 жұмысшы жұмылдырылады.

"9 сәуірде сағат 14.00-ден кейін Алматы қаласында жаңбыр жауады деп күтіліп отыр, сағат 16.00-ден 20:00-ге дейін жауын-шашын болжанып отыр. Биіктігі 15 миллиметрге дейін жетеді", - деп жазылған хабарламада.

320 жұмысшы мен 96 арнайы техниканың күшімен арық желілері, арық өткелдері және қоқысқа арналған жерлер тазаланып жатыр.

"Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу және проблемалық учаскелерде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін шанц құралымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады. 2 мыңнан аса қап құм дайындалды. Күндіз 465  арнайы техника, 29 мотопомпалар және 820 жол жұмысшылары жұмылдырылады", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Ауа райының бұзылуына байланысты ағаштар құлап, электр желілері үзілу қаупі бар. Сондықтан жүргізушілерге көлікті жол жиегіне қоймауға кеңес берілді. Су тасқынының алдын алу үшін қала тұрғындарынан арық пен каналды қоқысқа толтырып, бітеп тастамау да сұралды.

"Қандай да бір аумақты су басса, жедел шара қолдану үшін аудан әкімдіктеріне жүгінуге немесе +7 706 689 8898 What’s app нөміріне хабарлама жазуға болады", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, "Қазгидромет" РМК болжамы бойынша ертең де жаңбыр жауады, күндіз ауа температурасы - +17...+19 градус.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!