- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бүгін - алғыс...
Бүгін - алғыс айту күні
Елімізде бүгін алғыс айту күні тойланады. Бұл мейрамды 2016 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде "Алғыс айту күні" деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойғаннан бастап атап өтіп келеміз.
"Алғыс айту күні" АҚШ, Германия, Израиль, Англия, Оңтүстік Корея сынды бірқатар мемлекеттерде тойланады. Бұл мерекеде АҚШ-та күркетауық пісіріп отбасылық кеш жасаса, Англия, Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде астық пен молшылық үшін Құдайға алғыс айтады.
Ал еліміздегі Алғыс айту күнін белгілеу бастамасын 2015 жылы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев көтерген.
"Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамды өз туғанындай қабылдаған қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген еді Тұңғыш Президент.
Бұл күні ел арасында "Кім кімге алғыс айту керек?" деген де сұрақ туады. Бұл күнді өзге ел ұлттарының қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өтілу ұсынылғанымен, жақындарыңызға немесе достарыңызға "рақмет" айтудың артығы жоқ деп санаймыз.
Сондай-ақ, 1 наурыз көктемнің басы, жаймашуақ өмірдің, тіршіліктің жанданатын уақыты. Адамдар қыстан аман шығып, қой төлдеп, көк өскін өніп шығатын кез. Ендеше, наурыздың бірінші күні де қуаныш. Алғыс айту бірлікке, татулыққа һәм ынтымаққа шақырудың басы. Қазақта "Алғыспен ел көгерер", "Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы" деген мақалдар бар. Адам бір-біріне алғыс айту арқылы көңілде жүрген өкпе-ренішін жуып-шаяды. Кішіпейілдік танытып, жылы ілтипат білдіру адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнатары сөзсіз. Сондықтан жақын-жуықтарыңызға, көптен араласпаған таныс-тамырыңызға хабарласып, жасаған жақсылығын еске алып, алғыс айтуды ұмытпаңыз. Мерекені сезіну және сезіндіру өз қолымызда.
А. Жапатова